МӘЖІЛІСТЕ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ТУРИСТЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

15

Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілісте қауіпсіз еңбек жағдайларын және еңбек саласын цифрландыру жөніндегі шаралар, сонымен бірге өңір халқы мен туристерге қолайлы жағдай жасау бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселелер қаралды.

Мәжілісте алдымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндады.

Аудан әкімі күн тәртінбінде көтерілген бірінші мәселе бойынша ауданда еңбек ұжымдарында жазатайым оқиғалардың алдын алу, мекеме-кәсіпорындардың қызметкерлерге жалақыларын уақытылы берілуін қамтамасыз ету, қарапайым жұмысшылардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту және ұжымдағы және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті болдырмау бағытында дер кезінде тиісті шаралар қабылдап, кез келген жұмысшының еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу сынды өзекті мәселелерді көтеріп, осыған байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ал, аудан басшысы мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе – өңір халқы мен туристерге қолайлы жағдай жасау бойынша аудандағы Республикалық дәрежедегі ескерткіштің бірі – көне «Жанкент» қалашығына туристерді тарту және аудан аумағында ашылып жатқан жаңа нысандар мен демалыс орындарына қонақтардың көптеп келуі мен оларға қолайлы жағдай қалыптастыру бойынша шараларды қолға алу керектігін айтты. Сонымен қатар тиісті сала басшысына аудан аумағында орналасқан тарихи нысандардың барлығында келген қонақтар мен туристерге ақпарат беретін виртуалды карта әзірленіп, оларға арнайы QR кодтарды қойылу керектігін ескертті.

Мұнан бөлек жауапты орынбасары Мұрат Әбсұлтановқа аудандағы тарихи ғимараттардың бірі – Қазалы теміржол вокзалына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын тезірек сапалы етіп аяқтауға жұмыс жасауды тапсырды.

Advertisements