Биыл Қазақстанда бидай алқабы 159 мың гектарға кеміді. Ал керісінше майлы дақылдар мен арпа алқабы ұлғаятын болады. Бұл жұмыстар сыртқы және ішкі нарықтың қажетіне қарай жүргізіледі.
Биыл 24 млн-ға жуық гектарға дән себу жоспарда бар. Бұл былтырмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық. Ал әртараптандыру бағдарламасы шеңберінде 1 млн гектар жерге түрлі дақылдар егіледі. Яғни майлы дақылдар егістігі 365 мың гектарға, арпа алқабы 114 мың гектарға ұлғаяды. Сондай-ақ қарақұмық 41,5 мың гектарға, картоп 15 мың гектарға өседі.
Бидайға қарағанда майлы дақылдарға сұраныс жоғары және бағасы да қымбат. Мәселен, бидайдың бір тоннасы 65-70 мың теңге тұрады. Ал зығыр және рапс сияқты майлы дақылдардың тоннасы 200 мың теңгеге бағаланады. Тіпті одан да қымбат. Сондай-ақ бұл дақылдардың топыраққа пайдасы көп. Мәселен, бұршақ топырақты азотпен байытады. Ал кейін оның орнына егілген егін мол өнім береді. Яғни бұл экономикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық жағынан да тиімді.