Медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде

Қызылорда қаласында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының қолдауымен және Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған заманауи медициналық нысандар өңір тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына мүмкіндік береді.
Бүгінде қалада бірнеше ірі денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қатар жүргізілуде. Маңызды жобаларды қаржыландыру мәселесі толық шешімін тауып, құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес қарқын алған.


Осыған байланысты Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов медициналық нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты. Шаһар басшысы мердігер мекемелерге құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда сол жағалауда бой көтеріп жатқан 500 орындық жаңа емхана құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай салынатын көпсалалы мекеме амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетеді.
Жаңа емханада жалпы тәжірибелік және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар мұнда 50 төсектік күндізгі стационар, дәріхана, орталық стерилизация бөлімі, кір жуу орны, медициналық қалдықтарды сақтау аймағы, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал қарастырылған. Нысан толық инженерлік-техникалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай жобаланған кешен халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық қызмет көрсетуді көздейді.
Жоба аясында аурухана диагностиканың және емдеудің озық технологияларымен жабдықталады. Құрылысына 36 млрд 416 млн теңге қаралған кешеннің жалпы аумағы 57 мың шаршы метрді құрайды.
«Мелиоратор» серіктестігі жүзеге асырып жатқан нысан 10 блоктан тұрады. Оның құрамында емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, сондай-ақ операциялық бөлімдер болады.
Президент саябағы аумағында салынып жатқан 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы да қарқынды жүруде. Аталған жобаға 48 млрд 500 млн теңге бөлінген.
Заманауи орталықта ана мен балаға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Нысанда қабылдау, стационар, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдермен қатар зертхана мен ас блогы қарастырылған.
Жаңа орталық іске қосылғаннан кейін өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау қызметінің сапасы артып, күрделі медициналық көмектердің қолжетімділігі кеңейеді деп күтілуде.
Сонымен қатар Титов шағын ауданында жаңадан салынып жатқан №5 қалалық емхана да қала тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандардың бірі болмақ.
40 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін емхана бір ауысымда 400 келушіні қабылдауға қауқарлы. Нысан құрылысына 9 млрд 823 млн теңге бөлінген, жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайды.
Заманауи медициналық мекеме жаңа технологиялармен толық жабдықталып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Қызылорда қаласында жүзеге асырылып жатқан мұндай ауқымды жобалар денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







