НЕМІС ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған неміс этномәдени бірлестігінің онкүндігі аясында мерекелік шығармашылық кеш өтті.


Шараның шымылдығы неміс этносының мәдениеті мен тұрмысын танытатын қолданбалы өнер көрмесімен ашылды. Көрме қонақтарға неміс этносының салт-дәстүрінен сыр шертетін ерекше атмосфера сыйлады.
Алғашқы құттықтау сөзді Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров сөйледі. Ол еліміздегі татулық пен келісімнің маңыздылығын атап өтіп, бірлестіктің қоғам өміріндегі белсенділігін ерекше бағалады.
Айта кетейік, Қызылорда облысындағы “Wiedergeburt” неміс этномәдени бірлестігі 1998 жылы құрылған. Қазіргі таңда өңірде 165 неміс этносының өкілі тұрады. Бірлестік мәдени, әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы түрлі жобаларға белсене қатысып келеді.

Концерттік бағдарлама көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жас өнерпаз Цой Анна “Қазақ елі осындай” әнімен кешті ашса, “Орда драйв” тобының заманауи биі мен Адажио” би тобының неміс полькасы көрерменді тәнті етті. “Liebe Frau” вокалдық ансамблі орындаған “Суссана” әні зор қошеметке ие болды. Балалар шырқалған “Біз кішкентай жұлдыздармыз” әні кештің шырайын кіргізіп, көрерменді қуанышқа бөледі.
Қонақтарға ұлттық дәм ұсынылып, белсенді қатысушылар марапаттарға ие болды. Балдырғандарға тәтті сыйлықтар табысталды.
Кеш соңында бірлестік төрағасы Ирина Шек қатысушыларға алғысын білдіріп, ынтымақ пен бірлігіміз арта берсін деген лебізін жеткізді.