Өнер мен өнеге ұлықталған кеш

69

Қоғамның қуаты – берекелі отбасында, ұлттың рухы – өміршең өнерінде. Осы қос құндылық бір арнада тоғысқан тағылымды кеш Президент саябағындағы амфитеатрда өтті. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі мен «Ел іші – өнер кеніші» өнер байқауының қорытындысы шығарылған салтанатты шара руханият пен дәстүрдің, өнер мен өнегенің мерекесіне айналды.

Жаздың жайма-шуақ кешінде ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени шараға қала тұрғындары көптеп жиналды. Сахнадан шырқалған әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би көрерменнің көңілін тербеп, қазақы құндылықтарды дәріптеген әсерлі қойылымдар көпшілікке ерекше рухани қуат сыйлады. Бұл кеш – тек жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ғана емес, ұлттық тәрбиені, отбасы бірлігін және ауыл мәдениетінің әлеуетін насихаттаған үлкен рухани басқосу болды.

Салтанатты жиында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев сөз сөйлеп, отбасы мен өнердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

– Отбасы – мемлекеттің іргетасы, ұлттың болашағын қалыптастыратын қасиетті ұя. Ал өнер – халықтың жадын жаңғыртып, рухын асқақтататын асыл мұра. Осындай байқаулар арқылы біз ұлттық құндылықтарды ұлықтап қана қоймай, ел ішіндегі таланттарды танытып, өнегелі отбасыларды көпшілікке үлгі етеміз, – деді ол.

Шара барысында жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қала бойынша 22 отбасы қатысуға ниет білдірді. Әрқайсысы өзінің еңбекқорлығымен, қоғамдық белсенділігімен, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі жолымен ерекшеленген әулеттер арасынан үздіктер анықталды.

Байқау қорытындысы бойынша Қызылөзек ауылдық округінің Бодановтар отбасы І орынды иеленсе, Қарауылтөбе ауылдық округінен қатысқан Бимұратовтар отбасы ІІ орынға лайық деп танылды. Ал Қызылжарма ауылдық округінің Ибраевтар отбасы ІІІ орынды еншіледі. Сонымен қатар, бірнеше отбасы түрлі арнайы номинациялар бойынша марапатталып, олардың өнегелі өмір жолы көпшілікке үлгі ретінде дәріптелді.

Кеште қорытындыланған тағы бір маңызды жоба – «Ел іші – өнер кеніші» байқауы болды. Бұл байқау ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, ел ішіндегі таланттардың шынайы өнерін көпшілікке паш етті.

Байқау барысында ұлттық ән мен күй, халық биі, сахналық қойылымдар мен фольклорлық композициялар ұсынылып, әрбір ұжым туған өлкенің мәдени келбетін өзіндік ерекшелікпен көрсете білді. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Қызылжарма ауылдық мәдениет үйіне табысталды.

І орынды Талсуат ауылдық клубы жеңіп алса, ІІ орын С. Майқанова атындағы мәдениет үйіне, Белкөл кенті клубына және Ақсуат ауылдық клубына бұйырды. Ал Абай мәдениет үйі, Қараөзек ауылдық клубы, Ақжарма мәдениет үйі мен Қарауылтөбе ауылдық клубы ІІІ орын иегерлері атанды.

Бұл жеңістер – тек марапат емес. Бұл – ауыл мәдениетінің әлеуетіне, өнерге адал жандардың еңбегіне және ұлттық мұраны көздің қарашығындай сақтап жүрген шығармашылық ұжымдардың ізденісіне берілген әділ баға.

Бүгінде қоғамның беріктігі ең алдымен отбасының тұтастығымен өлшенеді. Ұлттың рухани қуаты да өнерінің өміршеңдігімен айқындалады. Сондықтан отбасы құндылықтарын ұлықтап, ұлттық өнерді дәріптейтін мұндай игі бастамалардың маңызы уақыт өткен сайын арта түспек.

Өйткені өнегелі отбасы – елдің еңсесін тіктейтін алтын діңгек болса, халықтық өнер – ұлттың мәңгілік рухани төлқұжаты. Осы екі асыл құндылықты қатар дәріптеген тағылымды кеш көпшілікке рухани серпіліс сыйлап, ұлттық бірегейліктің өміршеңдігін тағы бір мәрте айшықтап берді.

Advertisements