Облыс әкімі «Vana International» компаниясы өкілдерімен кездесті

75

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Астана қаласына жұмыс сапары барысында «Қорқыт ата әуежайын» сенімгерлік басқаруға беру мәселесіне байланысты халықаралық «Vana International» компаниясының Қазақстандағы өкілдерімен және «Kazakhstan Aviation Holding LTD» компаниясының мамандарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, әуе қатынасының мүмкіндіктерін кеңейту және нысанды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ әуежайдың техникалық әлеуетін арттыру, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту және өңірдің көлік-логистика саласын дамыту бағытындағы маңызды жобалар қарастырылды.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталып, әуежайдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, жолаушылар ағынын көбейту, жаңа әуе бағыттарын ашу, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту және халықаралық талаптарға сай сервистік қызметтерді енгізу мәселелері көтерілді.

Кездесуде әуежай инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы аймақтың транзиттік әлеуетін арттыру және өңір экономикасына инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибелерді енгізу арқылы авиациялық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру жоспарлары талқыланды.

Өз кезегінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев көлік-логистика саласын дамыту өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

– Әуе қатынасын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық талаптарға сай қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру – аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Біз инвесторлармен өзара тиімді әріптестік орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастырып, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша өзара ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.

Жалпы, «Қорқыт ата әуежайын» дамытуға бағытталған мұндай бастамалар өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіруге, халықаралық байланыстарды нығайтуға және жолаушыларға қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements