ПАЦИЕНТТЕР ШАҒЫМЫ 11,7%-ҒА АЗАЙДЫ

148

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тұрғындар тарапынан МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты шағымдардың азаюына ықпал еткен шаралар туралы баяндалды.

Биылғы бес айда қорға 10363 шағым түсіп, олардың 5073-і қайтары­лып алынған. Бұл көр­сеткіш өткен жылдың осы кезе­ңі­мен салыстырғанда 11,7%-ға төмен. Ол кезде 11 745 шағым тір­келген (5167 қайта­рылған).

– Азаматтардың шағым­да­рын азайту және медицина­лық қызмет сапасын жақсарту бағы­тындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде оң көрсеткішке қол жеткізілді. Осы мақсатта қор медициналық ұйымдар база­сын­дағы пациенттерді қолдау қызметтерімен бірлесіп жұмыс істейді. Қор бұл қызметтер мамандарының кәсіби деңгейін арттыру үшін ай сайын оқыту сессияларын ұйымдастырады, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма тө­рағасының орынбасары Индира Саркенова.

Оқытулар негізгі бағыттарды қамтиды – беделді басқару (ре­путациялық менеджмент), этика және деонтология, ҚР медицина қызметкерлерінің ар-намыс ко­дексі. Сессия барысында нақ­ты келіп түскен шағымдар талда­нып, қаралады. Бұл теориялық білімді тәжірибеде қолдануға, сондай-ақ халық тарапынан се­німді арттыруға мүмкіндік бе­реді.

Халықпен кері байланысты күшейту және еліміздегі меди­циналық көмектің сапа стан­дарт­тарын арттыру жұмыстары жалғасуда.

Айта кету керек, егер па­циент медициналық көмек алу кезінде мәселе туындаса, дәрі­гер­дің ем тактикасына қа­тыс­ты шешімімен келіспесе не­месе МӘМС жүйесіндегі мәр­те­бе­ңізге қатысты сұрақтар болса, па­­циенттерді қолдау жә­не ішкі сараптама қызметіне жү­гіне ала­ды. Аталған қызмет әрбір ме­­дициналық ұйымда жұ­мыс істейді. Оның жұмысы Қа­зақ­стан Республикасының «Халық ден­саулығы және денсаулық сақ­тау жүйесі туралы» кодексімен, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен рет­теледі.

Ержігіт СЕРІКБАЙ

Advertisements