ПРЕЗИДЕНТ БІТІМГЕР ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРМЕН МАРАПАТТАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан офицерлермен және сарбаздармен кездесті.
Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызмет атқарып жүр. Болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысу жоспарлануда. Осылайша, Қазақстан жер жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға белсенді түрде атсалыса бермек.
– Қарулы күштер — еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты тіректерінің бірі. Ең алдымен, сарбаздары мен офицерлерінің рухы асқақ, кәсіби деңгейі жоғары, жауынгерлік машығы мінсіз, тәртіп пен тазалықты мүлтіксіз сақтайтын әскер қуатты болады. Армия — қайсарлыққа баулитын, жігерді жанитын нағыз мектеп. Сіздер азаматтық борыш пен әскери антқа адалдық танытып, шынайы патриотизмнің үлгісін көрсеттіңіздер. Мінсіз қызметтеріңіз өскелең ұрпаққа өнеге. Мемлекет басшысы ретінде мен қауіпсіздік және құқық қорғау саласына әрдайым айрықша көңіл бөлемін. Жақында Ақордада арнаулы жасақтар арасындағы беделді халықаралық жарыстан жүлдемен оралған күштік құрылым қызметкерлерін марапаттадық. Жалпы, әскери бөлімдер мен күштік құрылымдардың беделі мен даярлық деңгейі едәуір өсті. Құқық қорғау және арнаулы органдар қылмыспен күресте, терроризм мен есірткі бизнесінің жолына тосқауыл қоюда тиімділігін көрсетіп келеді. Алайда босаңсуға мүлде болмайды. Алдымызда мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту міндеті тұр, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз ел болуға тиіс деп санайды. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Мемлекет басшысы бір топ бітімгер әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.