ШАРУАЛАР СУДЫ АЗ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ДАҚЫЛДАР ЕГІП ЖАТЫР

Paparaci.kz Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының диқандары биыл суды аз қажет етін дақылдар егуге басымдық беріп отыр. Дүр Оңғар ауылының «Жаңажол» шаруашылығы мал азықтық және бақшалық жерлерді ұлғайтып, суды тиімді пайдаланудың әдісін қолданып жатыр.
Соңғы жылдары өңірде су тапшылығына байланысты қармақшылық шаруалар егінді әртараптандыруға бет бұрды. “Жаңа жол” шаруашылығы бірер жыл бұрын тың жерге тамшылатып суару әдісімен алма бақ өсіріп, бүгінде 6 мың түп көшет бой көтерген. Ауыл диқандары биыл суды көп қажет ететін күріштік көлемін 600 гектарға қысқартып отыр. Десе де, дала еңбеккерлері оның орнына басқа дақылдар егіп жатыр.
- Биылғы жылы мал азығын мысалын 70 пайызға дейін көбейттік жылдағыдан. Ол күріштен қысқарылған жерлерге егілді. Ауыспалы егіс көлеміне келіп отыратын жерлерге де жоңышқа, мақсары және 50 гектар бидай егілді,- дейді шаруашылық бригадирі Данияр Нұрмағамбетов.
Дүр Оңғар ауылы биыл 2,5 мың гектар жерге Сырдың ақмаржанын өсірмек. Бұрын каналды қалың қамыс басып күріштік алқаптарға су жетпей шаруалар әбігерге түсетін. Қазір бұл мәселе оңтайлы шешімін тауып келеді. Жергілікті шаруашылық суды тиімді пайдалану үшін арық жүйелерін темір-бетонмен жабдықтап жатыр. Бұрын судың 30 пайызы жерге сіңіп кетсе, енді келген суды толықтай егінге пайдалануға мүмкіндік бар. Жалпы бұл жұмыстар өз тиімділігін көрсетіп отыр. Енді егістік аумағындағы арық жүйелері мен каналдар кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтпек.
- Егіс алқаптарына былтырғы жылы 600-700 метр жерге латок құрып, су үнемдеудің шараларын істеп жатырмыз. Көп үнемделеді су. Жабайы арықпен жіберген кезде бір сағатта келетін болса ал мынау латок арқылы 15-20 минутта су келеді аяғына. Қамыс басып, арық бітелмейді. Қаншама атыз бар. Оның барлығына келетін арықтарды бір мезетте бетондап тастау мүмкін емес. Жыл сайын егістік жерлерді осылай дайындайтын боламыз. Ауыл ішіне де лотоктар орнатып, су зырғып ағып келіп тұр. Бұл бағытта жұмысты жалғастыратын боламыз,- деді бас агроном Төлеу Ералиев.
Ырзық-несібесін жерден тапқан диқаншы қауым осылайша су тапшылығына қарамастан егін шаруашылығын түрлендіріп, суды тиімді пайдаланудың әдіс-тәсілін тауып, тынбай тіршілік етіп жатыр.







