Шижаға ауылында заманауи спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде

47

Ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызы зор. Осы мақсатта Шижаға ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бүгінде қарқынды түрде жалғасуда.

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жұмыс сапары барысында Шижаға ауылына арнайы барып, ауыл тұрғындарының игілігі үшін салынып жатқан маңызды әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Жоба ауыл халқының көптен күткен бастамаларының бірі болып саналады және өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды нысандардың қатарынан орын алады.

Қазіргі таңда спорт кешенінің негізгі құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп, жауапты мердігер мекеме тарапынан құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлінуде.

Атап айтқанда, ғимараттың ішкі бетон еден төсеніштері мен қабатаралық бетон бөлгіштерін құю жұмыстары толық орындалған. Сонымен қатар нысанға қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп, сыртқы ауыз су жүйесі, кәріз желілері және әуе электр желілері тартылған. Бұл жұмыстар спорт кешенін алдағы уақытта толыққанды пайдалануға беруге мүмкіндік береді.

Бүгінде ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталып отыр. Қабырғаларды сырлау, кафель төсеу және ішкі бөлмелерді заманауи талаптарға сай жабдықтау жұмыстары сапалы орындалған. Мамандардың айтуынша, құрылыс барысында барлық техникалық талаптар мен қауіпсіздік нормалары сақталған.

Қазіргі уақытта құрылысшылар спорт залдарының еденіне арнайы спорттық линолеум төсеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар нысанның сыртқы аумағын абаттандыруға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, сыртқы қоршауларды орнату, жаяу жүргіншілер жолдарына брусчатка төсеу және аумақты асфальттау жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Ауыл көркіне сән беретін еңселі спорт кешенінің құрылысын «Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Құрылыс компаниясы нысанды белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға беру бағытында жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Жұмыс сапары барысында аудан әкімі құрылыс алаңын толық аралап шығып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Нысанның ішкі бөлмелері мен сыртқы аумағын көріп, жауапты мамандардан құрылыс барысы жөнінде толық мәлімет алды.

Аманжол Сақыпұлы құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуы басты талап екенін атап өтті. Әсіресе нысанның айналасын абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және құрылыс мәдениетін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Сонымен қатар аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне анықталған кемшіліктер бойынша нақты ескертулер жасап, оларды қысқа мерзім ішінде жоюды міндеттеді. Барлық жұмыстардың сапалы әрі талапқа сай орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

– Бұл нысан ауыл тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Сондықтан құрылыс жұмыстарының әр кезеңі сапалы орындалуы қажет. Тұрғындардың игілігіне берілетін әрбір нысан халықтың сұранысына толық жауап беруі тиіс. Сол себепті құрылыс сапасына ерекше жауапкершілікпен қарау қажет, – деді аудан әкімі.

Айта кету керек, дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары үшін спортпен тұрақты айналысуға кең мүмкіндік ашылады. Әсіресе жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, түрлі спорт түрлерімен кәсіби деңгейде шұғылдануына жағдай жасалады.

Жаңа кешенде спорттық жаттығулар өткізуге, аудандық және ауылдық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік тумақ. Бұл өз кезегінде бұқаралық спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға оң әсер етеді.

Шижаға ауылында бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешені ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Алдағы уақытта пайдалануға берілетін заманауи нысан ауыл жастарының жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашып, өңірдегі спорт саласының дамуына тың серпін береді деп күтілуде.

Advertisements