Спорт – қоғамға бейімделудің маңызды құралы

Қызылорда қаласында «Заң мен тәртіп – өмірлік ұстаным» тақырыбы аясында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Спорттық шараны Қызылорда қаласының пробация қызметі, Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі және Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы бірлесіп өткізді. Жарыс Илья Ильин атындағы спорт алаңында өтіп, оған пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтарды салауатты өмір салтына баулу, олардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету және спорт арқылы өзара сыйластық пен командалық рухты қалыптастыру.
Турнирдің ашылу салтанатында Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы директорының орынбасары О. Әділ қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтап, мұндай игі бастамалардың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.
– Спорт – адамның денсаулығын нығайтып қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке және өзара құрметке тәрбиелейді. Осындай шаралар қоғамға бейімделу процесін жеңілдетіп, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жаңа ортаға сәтті араласуына ықпал етеді. Бүгінгі жарыс барлық қатысушылар үшін достықтың, бірліктің және жаңа мүмкіндіктердің алаңына айналады деп сенемін, – деді ол.
Жарысқа барлығы 25 азамат қатысып, бірнеше команда өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әр кездесуде қатысушылар жеңіске деген жігерін, ұйымшылдығы мен спорттық шеберлігін паш етті. Турнир барысында әділ бәсеке мен достық атмосфера қалыптасып, көрермендер қызықты ойындардың куәсі болды.
Қорытындысында бірінші орынды «Алғабас» командасы жеңіп алса, екінші орын «Сұңқар» командасына бұйырды. Ал үшінші орынды «Чемпион» командасы иеленді.
Сонымен қатар жарыс барысында ерекше шеберлігімен көзге түскен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша үздіктер анықталып, оларға дипломдар мен медальдар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық іс-шаралар құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының тиімді тетіктерінің бірі саналады. Олар азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, әлеуметтік белсенділігін арттыруға және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Салауатты өмір салтын насихаттау мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осындай тағылымды шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.








