«СЫР МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ҒАЛАМАТ ҒАСЫРЫ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

0
173

Қызылорда облысында медицина қызметкерлері күніне орай «Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен мерекелік жиынға медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Нағыз дәрігер үшін ең жоғары құндылық – халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөлену. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан алғыс айтып, зор ризашылығымызды білдіремін.» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қызылорда облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен халық денсаулығын нығайтуға, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда салаға 441 млрд. теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынып, іске қосылды. Төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыстар, емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана бой көтеруде. Соңғы үш жылда 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Халық сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі денсаулық сақтау мекемелері санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылды.

Жуырда Қызылордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, кадрларды тұрақтандыру үшін өңірдің денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арнап 100 пәтерлік тұрғын үй салу туралы шешім қабылданды. Қазір құрылыс басталды, жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.

«Өткен жылы 15 дәрігер Түркиядағы, биыл 41 маман Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі алдыңғы қатарлы клиникаларда біліктілік арттырды. Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай, күні-түні жасаған қызметтеріңіз үшін тағы да алғысымызды білдіремін Халыққа әрдайым адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мерекелік басқосуда қажыры мен қайратын, білімі мен біліктілігін ұлт саулығына арнаған медицина қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының кеңесші хирург дәрігері Юрий Фотиади «Құрмет» орденімен, «Қазлепрозорий» мекемесі Тасбөгет бөлімшесінің меңгерушісі Анаркүл Нұрғалиева «Шапағат» медалімен марапатталып, сала ардагері Асылбек Тоғызбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы табысталды.

 

Мерекеде медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.

 

Advertisements