Сырдария ауданы: «Таза Қазақстан» акциясы аясында іс – шара өтті

25

Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаевтың қатысуымен Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына аудан ардагерлері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдарының мүшелері, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.

Сенбілік барысында саябақтар мен аллеялар, көше бойлары, қоғамдық орындар және әлеуметтік нысандардың аумақтары тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар жасыл аймақтарды күтіп-баптау, ағаш көшеттерін отырғызу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Шара барысында аудан әкімі тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға және тазалық жұмыстарын тұрақты түрде қолдауға шақырып, туған жердің тазалығы әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы» деп атап өткен болатын. Бұл бастама тек бір реттік акция емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Бүгінде аймағымызда елді мекендердің келбетін жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Орталық алаңдар мен мәдени-демалыс орындары жаңғыртылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайдалануға берілуде. Өңірде бекітілген дизайн-код талаптарына сәйкес барлық елді мекендердің сәулеттік келбеті жаңартылып келеді.

Ауданымызда жаңа демалыс орындары мен аллеялар салынып, көшелерді абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қоршаған ортаны қорғау бағытында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Аудан орталығында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс жасап, санитарлық талаптардың сақталуына мүмкіндік беруде.

Аймақ басшысының қолдауымен соңғы үш жылда «Үлгілі елді мекен» байқауы аясында ауданымыздың үздік ауылдық округтеріне жеті арнайы техника табысталды. Бұл өз кезегінде елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге және коммуналдық қызметтердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға оң ықпалын тигізіп келеді.

Өткен жылы аудан көлемінде жасыл белдеу аймақтарына, кіреберіс жолдар мен негізгі көшелер бойына 17 мыңнан астам ағаш отырғызылса, биылғы жылдың басынан бері 11 мыңнан астам тал көшеті егілді. Бұл жұмыстар ауданның экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, өңірдің көркін арттыруға да мүмкіндік береді.

Президент бастамасын қолдап, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бірлігімізді нығайтып, ортақ іске жұмыла білсек, ауданымыздың келбеті одан әрі ажарлана түседі, – деді аудан басшысы.

Сенбілік барысында ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, тазалық және көркейту жұмыстарында үлгі көрсетіп жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Олардың туған жерге деген жанашырлығы мен қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол туған жерге жанашырлық таныту, қоғамдық орындарды таза ұстау және табиғатты қорғау әрбір азаматтың азаматтық парызы екенін айтып, аудан тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.

Жалпыхалықтық сенбілік аудан тұрғындарының бірлігі мен белсенділігін көрсеткен тағылымды шараға айналып, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызды бөлігі болды.

Advertisements