Тұрмағамбет ауылында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары бақыланды

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымызда елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарын жүйелеу және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл бастама тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жердің көркеюіне үлес қосуға және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Аудан басшысы Жандос Еркінбек аудан аумағындағы барлық кент пен ауылдық округтердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының сапасын үнемі бақылауда ұстап келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, жүйелі мониторинг жүргізілуде.
Осыған орай бүгін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімі аппаратының басшысы Ермек Сәтбаев Тұрмағамбет ауылдық округіне арнайы барып, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарының барысын бақылады.
Іссапар барысында ауылдағы әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар нысандардың санитарлық жағдайына жан-жақты зерделеу жүргізілді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының аумағы, дәрігерлік амбулатория, орталық алаң және ауылдың негізгі көшелерінің бірі саналатын Ешнияз сал көшесінің тазалығы мен көркейту жұмыстары тексерілді.
Бақылау кезінде көше бойларындағы тазалық жұмыстарының ұйымдастырылуы, қоқыс қалдықтарын уақытылы шығару, қоғамдық орындарды ретке келтіру, жасыл желектерді күтіп-баптау және қоршаған ортаның санитарлық жағдайы назарға алынды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың айналасын абаттандыру, көгалдандыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың орындалу деңгейі сараланды.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Ермек Сәтбаев жауапты тұлғалармен кездесіп, тазалық жұмыстары бір реттік науқан ретінде емес, күнделікті тұрақты жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ауылдың сәулеттік келбетін жақсарту, көшелердің тазалығын сақтау және қоғамдық орындарды күтіп ұстау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Бақылау қорытындысы бойынша ауыл әкіміне көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау, тұрғындарды тазалық мәдениетін сақтауға тарту және қоғамдық орындардың талапқа сай күтіп ұсталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасып келеді. Апта сайын өткізілетін сенбіліктер мен тазалық акцияларына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсенді қатысуда.
Тазалық – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан туған жеріміздің көркеюі мен қоршаған ортаның таза болуы баршамыздың ортақ міндетіміз болып қала береді.
Жалпы аудан көлемінде жүргізіліп жатқан санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, барлық елді мекендердің тазалығы мен көркейтілуі қатаң бақылауда болады.







