Тасбөгет кентінде жол инфрақұрылымы жаңарып, көлік қозғалысы жақсаруда

4

Нұрлыбек Нәлібаев Тасбөгет кентіндегі жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың барысымен танысып, өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың маңыздылығын атап өтті. Қазіргі таңда кент аумағында жол сапасын арттыру, көлік қозғалысын жеңілдету және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Атап айтқанда, жобаның бас мердігері «УАД» ЖШС тарапынан жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын ірі жоба іске асырылуда. Жоба аясында ұзындығы 4,4 шақырым болатын көшелер күрделі жөндеуден өтуде. Соның ішінде Н.Назарбаев даңғылының 1,2 шақырымы толық жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар, кенттегі Есенов және Амангелді көшелерін төрт жолақты етіп кеңейту жұмыстары қолға алынған. Бұл өз кезегінде көлік ағынын реттеп, кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.

Жол құрылысы тек асфальт төсеумен шектелмейді. Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынуда, су ағатын арнайы лотоктар орнатылып, заманауи жарықтандыру жүйелері енгізілуде. Мұның бәрі тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар болып табылады.

Жалпы, Қызылорда облысы бойынша соңғы жылдары жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2022–2026 жылдар аралығында өңірде 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу және күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа шамамен 185,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде, соңғы төрт жыл ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыздан 95 пайызға дейін артты.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, тек орталық көшелер ғана емес, қала шетіндегі және ауылдық елді мекендердегі жолдарды жөндеуге де басымдық берілуде. Қазіргі уақытта жол сапасы айтарлықтай жақсарып, тұрғындардың өмір сүру деңгейіне оң әсерін тигізуде.

Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, 23,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Осы қаражат есебінен қаладағы, сондай-ақ қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтердегі 70 көше қайта жаңғыртылып, күрделі және орташа жөндеуден өтеді.

Өткен жылы көлік кептелісін азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды көшелер кеңейтілді. Атап айтқанда, әуежайға кіреберіс жол, Шиелі бағытынан келетін жол, Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралық, сондай-ақ Қожа Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты қозғалысқа бейімделді.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін жаңа жол құрылысы жүргізіліп, көлік қатынасы айтарлықтай жеңілдеді. Инфрақұрылымдық жобалар тек қала орталығымен шектелмей, аудандарда да жүзеге асырылуда. Мәселен, Арал қаласы мен Жаңақорған кентінде теміржол арқылы өтетін көпірлер салынса, Қызылорда қаласы мен Жалағаш кентінде жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер пайдалануға берілді.

Алдағы кезеңде де ауқымды жобалар жоспарланған. Соның бірі – Қызылорда қаласындағы Бәйтерек шағын ауданында жаңа көпір салу. Сонымен қатар, Қармақшы ауданында теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы жақын арада басталады деп күтілуде.

Жалпы алғанда, өңірде жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін беретіні сөзсіз.

Advertisements