Теміржол вокзалдарындағы жаңғырту жұмыстары бақылауда

16

ҚАРМАҚШЫ. Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы Жаханов Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, Жосалы және Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалдарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Жұмыс сапары алдымен Төретам кентіндегі теміржол вокзалынан басталды. Облыс әкімінің орынбасары нысанда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының қазіргі барысын көріп, жауапты мамандармен пікір алмасты. Жұмыс барысында құрылыс кезеңдері, орындалған жұмыстардың көлемі және алдағы міндеттер талқыланды.

Нысанды аралау кезінде құрылыс жұмыстарының сапасына, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына және белгіленген мерзімдердің орындалуына ерекше назар аударылды. Бахыт Дүйсенұлы мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты белгіленген кестеден кешіктірмей аяқтау, құрылыс сапасын төмендетпеу және әрбір жұмыс кезеңін тиісті талаптарға сай орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Төретамдағы вокзал – елді мекен тұрғындары мен теміржол арқылы қатынайтын жолаушылар үшін маңызды нысандардың бірі. Сондықтан мұндағы жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі вокзалдың сыртқы келбетін жаңартумен қатар, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Жосалы кентіндегі теміржол вокзалына барды. Мұнда күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жосалы теміржол вокзалының өзіндік тарихи маңызы бар. 1904 жылы салынған ғимарат ғасырдан астам уақыт бойы елді мекеннің теміржол тарихымен тығыз байланысты болып келеді. Бүгінде тарихи нысанды жаңғырту жұмыстары оның сәулеттік ерекшелігін ескере отырып, заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған.

Жоба аясында вокзал ғимаратын жаңарту, ішкі және сыртқы бөліктерін ретке келтіру, жолаушыларға қолайлы жағдай қалыптастыру көзделген. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін нысанның функционалдық мүмкіндігі артып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға жағдай жасалады.

Нысанды аралау барысында құрылыс жұмыстарының орындалу барысы жан-жақты қаралды. Жауапты мамандар атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс сапасына, қолданылатын материалдардың талапқа сәйкестігіне және жұмыс кестесінің сақталуына баса мән беру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар тарихи ғимарат болғандықтан, жөндеу барысында нысанның өзіндік сәулеттік сипатын сақтаудың маңыздылығына да назар аударылды.

Жұмыс сапарының қорытындысында Бахыт Дүйсенұлы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Әрбір құрылыс кезеңі бақылауда болуы, анықталған кемшіліктердің дер кезінде түзетілуі және жұмыс сапасына қойылатын талаптардың қатаң сақталуы қажеттігі ескертілді.

Теміржол вокзалдарын жаңғырту – ауданның көлік инфрақұрылымын жақсартумен қатар, тұрғындар мен жолаушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Сондықтан қос нысандағы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуы жауапты мекемелердің басты міндеттерінің қатарында.

Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапары барысында осы мәселелерді қатаң бақылауда ұстап, тапсырмалардың белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Advertisements