ТИКТОКТА ЖҰЛДЫЗ АТАНҒАН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды. «Бәрін тоқтаттым. Мектеп, қызмет, әлеуметтік желі», делінген жазбасында, деп хабарлайды paparaci.kz ақпараттық агенттігі.
Астанадағы №58 мектеп-гимназияның директоры Ақмоншақ Нұртаза әлеуметтік желі арқылы танымал болған еді.
Ол TikTok платформасында өткен челленжге қатысып, Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Тау ішінде» әніне түсірілген бейнеролик арқылы жеңімпаз атанды. Бейнежазба 3,1 миллион қаралым жинап, Лондонда өтетін концертке жолдама ұтып алды. Мектеп директоры ретінде әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, оқушылармен бірлескен жобалар мен бейресми форматтағы кездесулер ұйымдастырған. Алайда бұл бастамалар қоғамда әртүрлі пікір туғызды.
Ақмоншақ Нұртазаның бұл жазбасына желі қолданушылары әдеттегідей екі тарапқа бөлінді. “Бұл Қазақстанға бұндай директорлар жақпайды”, “Балаларға жақын ,жаңашыл мектеп директоры болатын! Неге кетті екен? Өкінішті!”, “Қысым болғаны анық, тез сынатын қыз емес еді” деп қолдағандар болса, келесі тарап “Өте дұрыс болған, Қазақстанның болашағын ойлау керек. Балаларға шоу емес, білім мен тәрбие керек”, “Кететіндей болды ғой, тиктокпен айналысып кетті, кеткісі келген болар” деп пікір білдіргендер де болды.
фото: видеодан скрин







