Вич инфекциясы донорлардан анықталмаған

37

Перзентханада қиын жағдайда нәрестесін дүниеге әкелген жас анаға көп қан құйылып, бір айдан кейін оның айықпас кеселге шалдыққаны анықталған болатын. Қызылордада ВИЧ инфекциясын жұқтырған келіншек қатерлі ауруды донорлардан жұқтырмаған, деп хабарлайды  paparaci.kz   ақпараттық агенттігі.

Көңілге демеу болатыны дүние дидарына келген шақалақтан аты жаман аурудың белгілері анықталған жоқ. Дегенмен, нәресте 1,5 жасқа дейін толық бақылауда болады. Ал анасы арнайы медициналық есепке алынып, қажетті ем-домын алып жатыр. Бастапқыда босанған келіншекке вирус 12 донордың бірінің қанынан жұғуы мүмкін деген болжам айтылған. Бірақ, эпидемиологиялық зерттеу барысында барлық донордың ВИЧ сынамасы теріс нәтиже көрсеткен. Яғни, қатерлі дертті науқас әйел қайдан жұқтырғаны әзірге белгісіз. Қоғамда қызу талқыға түскен жайсыз жағдайдың мән-жайына қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық басқарма тек жазбаша жауап берумен шектеліп отыр. Бұл дерек бойынша тергеу процесі әлі жалғасуда. Қан берген 12 донор екінші мәрте тексеруден өтеді. Барлық текерулердің қорытындысымен ғана бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады деді сала мамандары.

 

фото:stan.kz

Advertisements