Қызылорда облысында ауа-райының қолайсыздығынан 250 электр бағанасы құлаған

49

Paparaci.kz Сыр өңірінде бірнеше күн қатты жел тұрып, толассыз жауған қар аралас жаңбыр тұрғындарды әбігерге салды. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан мұзға оранған ағаштар опырылып, электр желілері үзіліп авариялық жағдайлар тіркелген. Бұл туралы Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы мәлімдеді.

Жаңбыр жауып аяз болуынан электр желілері мен қондырғылары және ағаштар толықтай мұзға оранды. Соққан жел екпіні қатты болуы себебінен ағаштар желілерге құлап және электр желілеріне қосымша салмақ түсуінен бүгінге күнге дейін 250-ден аса бағана құлап және 80 шақырым желілер үзілді,- делінген хабарламада.

Қазіргі таңда барлық мамандар күн-түн демей электр желілеріндегі ақауларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қалпына келтіру жұмыстарына жедел жөндеу бригадалары 170 аса адам мен 80 арнайы техника жұмылдырылды. Жөндеу жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп, тұтынушыларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде электр энергиясымен қайта қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз,- дейді компанияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, синоптиктер алдағы күндері күн суытып, ауа-температурасы -18 градусқа дейін аяз болатынын болжауда.

Advertisements