Қызылордада мәдени-демалыс паркі жаңа маусымын ашты

10

Бүгін қала тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн болды. Қалалық мәдени және демалыс паркі жазғы маусымның шымылдығын түріп, келушілерге есігін айқара ашты. Жаңарған кейіпке енген демалыс орны шаһар халқы мен қонақтарына жайлы әрі заманауи орта ұсынуда.

Маусымның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов арнайы қатысып, қызылордалықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен және жазғы демалыс маусымының басталуымен құттықтады. Ол өз сөзінде қаланың көркейіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында облыс әкімінің үйлестіруімен шаһарымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде парктер, аллеялар, скверлер мен тарихи нысандар қайта жаңғыртылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік беретін заманауи кеңістіктер қалыптасып келеді. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам, – деді Арнұр Әлібекұлы.

Сонымен қатар, ол өткен жылы аталған мәдени және демалыс паркі толықтай жаңартылып, жаңа тыныс алғанын атап өтті. Бүгінде бұл орын тек серуендеуге арналған аумақ қана емес, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орталығына айналды. Жасыл желекпен көмкерілген, абаттандырылған аумақ келушілерге ерекше жайлылық сыйлайды.

Айта кету керек, соңғы жылдары қала аумағында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Қорқыт ата» сквері қайта жаңғыртылып, тұрғындардың тынығуына арналған көрікті орынға айналды. Ал Наурыз мерекесі қарсаңында жаңаша үлгіде қайта салынған Президент саябағының салтанатты ашылуы өтіп, ел игілігіне берілді. Бұл нысандардың барлығы – қаланың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды орталықтар.

Қазіргі таңда қалалық мәдени және демалыс паркінде демалушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда таза ауада серуендеуге, отбасымен уақыт өткізуге, балалардың еркін ойнауына және түрлі мәдени шараларға қатысуға толық мүмкіндік бар. Алдағы уақытта парк аумағында бой көтеріп жатқан балалардың тынығу лагері мен Ботаникалық бақ пайдалануға беріліп, тұрғындарға ерекше тарту болмақ.

Сондай-ақ, қалада әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жалғасуда. Аймақ басшысының қолдауымен денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жаңа нысандар салынып, халыққа қолжетімділігі артып келеді. Бұл бастамалар өңірдің дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Маусымның ашылуымен қатар, парк ұжымы биыл да келушілер үшін мазмұнды бағдарламалар дайындаған. Жаз бойы мұнда түрлі мәдени-көпшілік, танымдық және тағылымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне жағдай жасалмақ.

Айта кету қажет, парк аумағындағы барлық ойын-сауық құрылғылары толық техникалық тексерістен өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай екендігі қатаң бақылауға алынған. Бұл келушілердің қауіпсіз әрі алаңсыз демалуына кепіл болмақ.

Жалпы, жаңарған қалалық мәдени және демалыс паркі – шаһардың ажарын айшықтап қана қоймай, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Жазғы маусымның басталуымен бірге бұл мекен қала өмірінің маңызды мәдени орталығы ретінде өз жұмысын жалғастыра бермек.

Advertisements