Қызылордадағы «Сайлау үйі» форум қонақтарына таныстырылды

11

Қызылорда өңірінде ұйымдастырылған «Жастар және сайлау» республикалық форумы аясында қатысушылар аймақтың сайлау жүйесіндегі заманауи жаңашылдықтармен танысты. Форум делегациясы облыстық сайлау комиссиясы орналасқан Сайлау үйі ғимаратына арнайы барып, оның жұмыс барысын көрді.

Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров және еліміздің әр өңірінен келген форум қатысушылары қатысты. Олар жаңа форматтағы сайлау инфрақұрылымының мүмкіндіктерін жоғары бағалап, тәжірибе алмасу алаңына айналғанын атап өтті.

Сол жағалауда орналасқан «Сайлау үйі» ғимараты аймақ басшысының бастамасымен заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Делегация мүшелерінің айтуынша, мұндай кешенді әрі цифрлық мүмкіндіктермен қамтылған нысан әзірге тек Қызылордада ғана іске қосылған.

Таныстыру барысында қатысушыларға сайлау үдерісін цифрландыру бағытындағы тың жобалар ұсынылды. Соның бірі – Daryn AI онлайн робот-көмекшісі. Бұл жүйе сайлаушыларға арнайы қосымша арқылы өз сайлау учаскесін оңай табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пайдаланушылардың сұрақтарына жазбаша және аудио форматта жедел жауап беріп, ақпаратқа қолжетімділікті арттырады.

Форум қонақтарына арнайы ұйымдастырылған көрме де таныстырылды. Онда мектеп президентін сайлау кезінде қолданылған онлайн дауыс беру жүйесі, цифрлық технологиялар мен түрлі датчиктер арқылы әзірленген «ақылды бюллетень» жобасы көпшілік назарын аударды. Бұдан бөлек, 3D графика көмегімен жасалған жұмыстар мен сайлау тақырыбындағы қолөнер бұйымдары қойылып, келушілерге ерекше әсер сыйлады.

Жас сайлаушылар клубының белсенділері де өз бастамаларын ұсынды. Олар сайлау процесін жастарға түсінікті әрі қызықты форматта жеткізу мақсатында комикстер әзірлеген. Сонымен қатар, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, дауыс берудің маңыздылығын түсіндіретін мультфильмдер топтамасын көпшілік назарына ұсынды.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде 9 аумақтық, 134 округтік және 378 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 2642 мүше бар. Бұл көрсеткіштер аймақта сайлау жүйесінің ауқымды әрі жүйелі түрде ұйымдастырылғанын аңғартады.

Жалпы, форум аясындағы бұл таныстыру жұмыстары жастардың сайлау мәдениетін арттыруға, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге және азаматтық белсенділікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Қызылорда өңірінің бұл бағыттағы тәжірибесі алдағы уақытта өзге аймақтарға да үлгі болуы мүмкін.

Advertisements