ҚЫЗЫЛОРДАДА ЗЕРГЕРЛІК ДҮКЕНДЕРДЕН АЛТЫН ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Қызылорда қаласында бірнеше зергерлік дүкеннен алтын бұйымдарды ұрлады деген күдікпен 29 жастағы ер адам ұсталды.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, белгісіз адамның сауда үйлеріндегі зергерлік бутиктердің бірінен алтын сақиналарды жымқырып кеткенін мәлімдеген. Оқиға Қызылорда қаласындағы сауда орталықтарының бірінде орын алған. Күдікті зергерлік бұйымдар сататын дүкенге кіріп, сатушыдан сақиналарды көрсетуді сұраған. Бұйымдарды мұқият қарап шыққан соң, сатушыны алаңдатып, алтын сақиналарды жымқырып, оқиға орнынан із суытқан. Келтірілген шығын 200 мың теңгеден асты. Алынған зергерлік заттарды күдікті өткізіп, қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.

Қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бұрын сотты болған Атырау қаласының тұрғынын ұстады. Тергеу барысында оның мұнан бөлек тағы екі ұрлыққа қатысы бары анықталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, күдіктінің облыс аумағындағы өзге де қылмыстарға қатысы тексерілуде. Қазір күдікті қамауға алынды.

Қалалық полиция басқармасы сауда нысандарының иелерін қырағы болуға, бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелерін күшейтуге шақырады.







