Қызылордадада жыл соңына дейін 5 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріледі

Баспана мәселесі – халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын ең маңызды әлеуметтік көрсеткіштердің бірі. Соңғы жылдары бұл бағытта Қызылорда қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып келеді. Осы орайда Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингте тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде кеңінен мәлімет берді.
Қала әкімінің айтуынша, биыл тұрғын үй құрылысына бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы бөлініп отыр. Мемлекеттік бюджет есебінен және жеке құрылыс компаниялары арқылы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Биылғы жылы тұрғын үй құрылысына және жеке құрылыс салушылардан пәтерлер сатып алуға 101 миллиард 45,7 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа жалпы 172 көпқабатты тұрғын үйдегі 4 919 пәтер сатып алынып, пайдалануға беріледі. Жаңадан салынатын үйлердің жалпы ауданы 318,4 мың шаршы метрді құрайды.
Бұл көрсеткіш Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады. Қала аумағында бой көтеріп жатқан жаңа ықшамаудандар мен тұрғын үй кешендері өңірдің сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, мыңдаған отбасының баспаналы болуына мүмкіндік бермек.
Тұрғын үй қорының едәуір бөлігі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, 17 көпқабатты тұрғын үйдегі 1 113 пәтер ипотекалық бағдарламалар арқылы азаматтарға ұсынылады. Бұл өз кезегінде еңбек етіп жүрген тұрғындардың қолжетімді шарттармен баспаналы болуына жол ашады.
Ал тұрғын үй құрылысының негізгі бөлігі әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға арналмақ. Биыл 155 тұрғын үйдегі 3 806 пәтер әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға беріледі. Бұл көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және тұрғын үй кезегінде тұрған өзге де санаттағы тұрғындардың баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.
Брифинг барысында қала басшысы тұрғын үй құрылысы тек баспанамен қамту мәселесін шешіп қана қоймай, өңір экономикасына да оң әсерін тигізетінін атап өтті. Жаңа құрылыс нысандары инженерлік инфрақұрылымның дамуына, құрылыс индустриясының жандануына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық белсенділіктің артуына ықпал етеді.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында жаңа тұрғын үй массивтерімен қатар мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары, жолдар мен инженерлік желілер қатар салынып келеді. Бұл тұрғындарға жайлы әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың нәтижесі.
Қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар мен құрылыс жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың санын азайтуға басымдық беріледі.
Бүгінде Қызылордада құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Биыл пайдалануға берілетін 4 919 пәтер – өңір тарихындағы ең ірі тұрғын үй жобаларының бірі. Бұл бастама мыңдаған отбасының көптен күткен қуанышын жақындатып, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты әлеуметтік қолдаудың айқын көрінісі болып отыр.







