Қызылордалық қаламгерлер журналист Е.Сәрсенбайдың есімін ардақтап, еске алу турнирін өткізді

Қызылорда қаласында белгілі журналист, қарымды қаламгер Ерқанат Сәрсенбайды еске алуға арналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы шағын футболдан алғашқы турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Аймақта тұңғыш рет өткізілген спорттық дода әріптестік пен достықты нығайтып қана қоймай, журналистер қауымының спортқа деген қызығушылығын арттырған тағылымды шараға айналды.
Турнирдің басты мақсаты – ақпарат саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, ұшқыр ойлы, өткір тілді қаламгер Ерқанат Сәрсенбайдың жарқын есімін ұлықтау, оның кәсіби жолын жас журналистерге үлгі ету, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау және әріптестік байланысты нығайту болды.
Ерқанат Сәрсенбай саналы ғұмырын баспасөз бен телевизия саласына арнап, мемлекеттік қызметте де жемісті еңбек етті. Өзінің кәсіби шеберлігімен, азаматтық ұстанымымен және журналистикаға деген адалдығымен әріптестерінің құрметіне бөленген қаламгер өңірдің ақпарат кеңістігінде өшпес із қалдырды.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген құрметті қонақтар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, Ерқанат Сәрсенбайдың журналистика саласындағы еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар аймақ басшысының арнайы құттықтауы оқылып, тағайындалған қаржылай қор марқұмның анасына табысталды. Бұл – ақпарат саласының ардақты азаматына деген құрметтің және оның еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі болды.
Жарысқа жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінен құралған алты команда қатысты. Командалар турнир барысында тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске деген жігер мен ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Әр кездесу көрермендердің қызығушылығын туғызып, спорттық рух пен әділ бәсекенің жоғары деңгейде өткенін көрсетті.
Турнир қорытындысында «Қаламгер» командасы қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың алғашқы чемпионы атанды. Жеңімпаз командаға арнайы кубок, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Жүлделі орын иеленген өзге командалар мен үздік ойыншылар да арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Бұл турнир жеңімпазды анықтаумен ғана шектелмей, журналистер арасындағы ауызбіршілікті арттырып, әріптестік қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерген маңызды алаң болды. Сонымен бірге Ерқанат Сәрсенбайдың жарқын бейнесі мен өнегелі еңбек жолын кейінгі буынға кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Алғаш рет ұйымдастырылған бұл бастама бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан жоғары бағаланып, оны дәстүрлі түрде өткізу жөнінде ұсыныстар айтылды. Себебі мұндай тағылымды турнирлер спорт арқылы денсаулықты нығайтып қана қоймай, журналистика саласының бірлігі мен кәсіби ынтымақтастығын күшейтіп, өмірін ел ақпаратын таратуға арнаған азаматтардың есімін ұлықтауға қызмет етеді.







