Қызылордалықтар “Астана” күнін атап өтті

36

Бүгін Президент саябағында Астана күніне орай «Астана – болашаққа бастаған қала» атты ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Елорданың мерейлі мерекесіне арналған кеш қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосып, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптеген тағылымды думанға айналды.

Мерекелік шараға қала әкімінің орынбасары Еркін Турабаев қатысып, жиналған жұртшылықты Астана күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде елорданың ел тәуелсіздігінің символына, мемлекеттің қарқынды дамуы мен жаңғыруының жарқын көрінісіне айналғанын атап өтті.

«Астана қаласы – Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы, ел бірлігі мен жасампаз рухының, тұрақты дамуы мен жарқын болашағының айқын бейнесі. Сарыарқаның төсіндегі айбынды қала – тәуелсіз Қазақстан дамуының басты бағдары.

Уақытпен үндесе бой түзеп, Еуразия төрінде сән-сипаты қалыптасқан, дәулеті мен сәулеті келіскен ғажайып мекен, еліміздің тірегі – сұлу Астанамыз қарыштап дами берсін!

Атаулы күнде әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры әрдайым биік болсын!», – деді Еркін Ермағанбетұлы.

Салтанатты бөлімнен кейін Президент саябағының амфитеатрында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Қаладағы мәдениет мекемелерінің өнерпаздары, жетекші шығармашылық ұжымдар мен жас орындаушылар қазақ және әлемдік эстраданың танымал әндерін шырқап, би композицияларын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсем ән мен мың бұралған би мерекелік кештің көркін қыздырып, жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл күй сыйлады.

Іс-шара аясында саябақ аумағында кітап көрмесі мен жергілікті қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған ұлттық нақыштағы бұйымдар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, зергерлік және кәдесый өнімдері келушілердің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, кітап көрмесінде қазақ әдебиеті мен ел тарихына арналған басылымдар ұсынылып, оқырмандардың рухани дүниесін байытуға мүмкіндік жасалды.

Мерекелік кеш барысында тұрғындар мен қала қонақтары естелік суретке түсіп, мәдени бағдарламаларды тамашалап, мерекенің ерекше атмосферасын сезінді. Мұндай іс-шаралар ұлттық бірлікті нығайтып, отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеумен қатар, мәдениет пен өнердің қоғамдағы маңызын айқындай түседі.

Астана күніне арналған «Астана – болашаққа бастаған қала» атты мәдени іс-шара елорданың ел өміріндегі айрықша орнын тағы бір мәрте айшықтап, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлады.

Advertisements