Тасбөгет кентінің жолдары жаңғырып жатыр

31

Қызылорда қаласы мен Тасбөгет кентін байланыстыратын басты көлік күретамыры – Назарбаев даңғылы мен оған жалғасатын көшелер бүгінде ауқымды жаңғырту алаңына айналған. Бұл – жай ғана жол жөндеу емес, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, қаланың көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жоба.

Қазіргі таңда Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш. Есенов көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында жолдар кеңейтіліп, жаңа асфальт жабыны төселуде, инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көше жарықтандыру жүйесі заман талабына сай қайта жасақталуда. Ең бастысы, бұл көшелер плотинаға дейін жалғасып, қала мен кент арасындағы көлік қатынасын едәуір жеңілдетеді. Соның нәтижесінде жолдағы кептеліс азайып, қозғалыс қауіпсіздігі артып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік туады.

Жолдың ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет етуі құрылыс барысындағы бақылауға тікелей байланысты. Сондықтан нысандардағы жұмыстар мердігерлердің ғана емес, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы мамандарының да тұрақты бақылауында. Олар құрылысқа пайдаланылатын қиыршық тас, құм, битум және асфальт-бетон қоспаларының сапасын зертханалық сынақтар арқылы тексеріп, әрбір технологиялық кезеңнің қолданыстағы мемлекеттік стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкестігін қадағалайды.

Мамандар жол төсемінің әр қабатынан сынама алып, оның қалыңдығы, тығыздығы мен беріктік көрсеткіштерін анықтайды. Егер қандай да бір ауытқулар байқалса, мердігер мекемелерге оларды жою жөнінде нақты ұсынымдар беріліп, кемшіліктер толық түзетілгеннен кейін ғана келесі құрылыс кезеңіне рұқсат етіледі. Мұндай жүйелі бақылау салынып жатқан жолдардың сапасын арттырып қана қоймай, олардың пайдалану мерзімін ұзартуға және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына да оң ықпал етеді.

Бүгінде Қызылордада жол салу ісінде басты ұстаным өзгерген. Ендігі мақсат – тек жаңа жол төсеу емес, оның сапасын халықаралық талаптарға сай қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, құрылыс пен сапаны бақылаудың қатар жүруі өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды кепіліне айналып отыр.

Advertisements