«Жастық шағымның куәсі – Қызылорда!» Ретро-фестивалі өтті

Қызылорданың тарихы мен мәдениетін дәріптейтін дәстүрлі «Жастық шағымның куәсі – Қызылорда!» ретро-фестивалі қала күніне арналған мерекелік шаралар аясында ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен мәдени кеш қала тұрғындары мен қонақтарын өткен дәуірдің әуенімен қауыштырып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.
Ретро-фестиваль тақырыптық театрландырылған қойылыммен басталып, сол кезеңнің тыныс-тіршілігін бейнелейтін көріністер көрермен назарына ұсынылды. Сахна төріне шыққан өнерпаздар өткен ғасырдың әндерін орындап, көпшілікті балалық пен жастық шақтың естеліктеріне жетеледі.
Кештің арнайы қонағы, әнші-композитор Өктем Алтаев өзінің көпшілікке танымал әндерін орындап, фестивальдің мазмұнын аша түсті. Оның орындауындағы әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік кештің ажарын кіргізді.
Музыкалық бағдарлама бұдан әрі вокалды-аспапты ансамбльдердің өнерімен жалғасты. Сахнада А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанындағы «Мереке», облыстық филармония жанындағы «Сыр самалы», Тереңөзектен келген «Достар», Жаңақорған ауданынан «Экспресс» және Қазалы ауданынан «Сейхун» вокалды-аспапты ансамбльдері өнер көрсетті.
Әр ұжым өз репертуарындағы көпшілікке таныс ретро әндерді орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бірі – жастық шақтың жалынды жылдарын еске салса, енді бірі – өткен дәуірдің тынысын, сол кезеңдегі адамдардың арман-мұратын ән арқылы жеткізді.
Ретро-фестивальдің ерекшелігі – оның тек музыкалық кешпен шектелмеуінде. Өйткені белгілі бір кезеңнің әндері сол дәуірдің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінен де сыр шертеді. Балалық пен жастық шақтың естеліктерін жаңғыртқан әуендер арқылы көрермен өткенге ойша оралып, Қызылорданың кешегі келбетін еске алды.
Кеш барысында көрермендер арасында қала тарихына қатысты сұрақтар қойылып, Қызылорданың өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне байланысты қызықты деректер ортаға салынды. Бұл арқылы фестиваль қатысушылары туған қаланың тарихын тереңірек танып, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты сезіне алды.
Фестиваль аясында арнайы ретро көрме де ұйымдастырылды. Көрме төрінен өткен ғасырдың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көне бұйымдар орын алды. Олардың қатарында ескі фотоаппараттар, телефондар, магнитофондар, винил пластинкалар, кассеталар және сол кезеңге тән өзге де жәдігерлер болды.
Көрме аға буын өкілдерін балалық және жастық шақтың жарқын сәттерімен қайта қауыштырса, жас көрермендерге өткен дәуірдің мәдениеті мен тұрмысын тануға мүмкіндік берді. Бір кездері күнделікті қолданыста болған қарапайым заттар бүгінде тұтас бір дәуірдің естелігіне айналған.
«Өткенді сағыну – бүгінді ұмыту емес». Керісінше, кешегі күнді еске алу арқылы бүгінгі жетістіктің қадірін түсінуге, туған қаланың қалыптасу жолын бағалауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, «Жастық шағымның куәсі – Қызылорда!» фестивалі қала тарихын өнер арқылы танытатын тағылымды шаралардың бірі болды.
Бүгінгі Қызылорда – кешегі арманның жалғасы. Ал кешегі Қызылорда – бүгінгі шаһардың іргетасы. Сырдария жағасында бой көтерген қаланың тарихы мен тағдыры, тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен жарқын естеліктері ретро-фестиваль арқылы тағы бір мәрте жаңғырды.
Әсерлі кештің шарықтау шегі фестивальге қатысқан өнер ұжымдарының барлығы сахна төріне шығып, Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсі» әнін бірге орындауымен түйінделді. Қызылорданың төл әніне айналған шығарма көпшілікке ерекше әсер сыйлап, мерекелік кештің мазмұнын толықтыра түсті.
Шара соңында қала әкімінің орынбасары Еркін Турабаев өнер ұжымдарына аймақ басшысының алғыс хаттары мен қаржылай сыйлықтарын табыстады.
Осылайша, дәстүрлі ретро-фестиваль қала тұрғындарын ән мен естелікке бөлеп, өткен дәуірге бір сәт саяхат жасауға мүмкіндік берді. Жастық шақтың әуенімен өрілген кеш Қызылорданың тарихы мен мәдениетіне деген құрметті арттырып, әр буынның туған қаламен байланысты ыстық естеліктерін қайта жаңғыртты.







