ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚОЛДАНЫЛҒАН МАТЕРИАЛДАРДЫҢ САПАСЫЗ ЕКЕНІ АНЫҚТАЛДЫ

23

Paparaci.kz Ақтөбе облысында жол құрылысына қолданылған материалдардың сапасыз екені анықталды. Олқылықты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің мамандары анықтаған. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Шараға Жол басқармасы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.

«ЖАСҰО» филиалының директоры Тельман Малаевтың айтуынша, құрылыс сапасына қатысты анықталған кемшіліктер бар.
«Ақтөбе облысы бойынша жүргізілген сараптамалық жұмыстардың нәтижесінде кейбір нысандардан жол-құрылыс материалдарының талапқа сай болмауы және жоспардан ауытқу деректері анықталды. Кей жағдайда нормативтік талаптарға сай емес материалдардың құзырлы мекемелердің келісімінсіз қолданылғаны белгілі болды», – деді Т.Малаев.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев құрылыс мерзімі мен жұмыс сапасына қатысты ескертулерге сәйкес, ТҮКШ бөлімдеріне кемшіліктерді жоюды тапсырды. «ЖАСҰО» басшысы саладағы қазіргі ахуалды, даму бағыттарын және жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысын баяндады. Оның айтуынша, кейбір аудандар жол құрылысына қолданылатын материалдар мен құрылыс сараптамасына арналған келісім шарттарды әлі ұсынбаған. Орташа жөндеуді қажет ететін көптеген учаскелер бар. Алайда оның ауқымды бөлігінде техникалық құжаттары дайын емес. Одан бөлек сараптамаға ұсынылған жобалардың сапасы көңіл көншітпейді. Инженер-жобалаушылардың кәсібилігінің төмен болуы облыс инфрақұрылымының сапасына айтарлықтай кері әсер етіп отыр. Жұмыстарды қабылдауда ашықтық пен өтпелі тексерулер маңызды рөл атқарады. Мамандар орташа жөндеу нысандарында құжаттарды КИД KRL жүйесінде қабылдау қажет дейді. Яғни, қағазбастылықтан арылып, электронды форматқа көшудің маңызы зор. КИД KRL жүйесіне толық енгізу біртұтас сандық есеп жүргізіп, атқарылған жұмыстарды бақылауға мүмкіндік береді. Жол құрылысы жобаларын басқаруда бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Жиын қорытындысы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, оның ішінде сапалы жолдармен қамтамасыз ету жиналғандарға ортақ стратегиялық, маңызды міндет екені атап өтілді.

Advertisements