Жолшы мамандығына қызығушылық бар

Paparaci.kz Ақтөбе – тоғыз жолдың торабындағы өңір. Облыс аумағымен батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын маңызды жолдар өтеді. Автомобиль жолдарының жаңғыруы бұл салаға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Ақтөбе облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары жолшы болғысы келетін түлектердің саны арта түскен. Мамандар орталықта өткен соңғы «Ашық есік» күнінде оған кезекті рет көз жеткізді. Бұл жолы Ақтөбе автожол колледжінің «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандығының 1 курс білім алушылары келді. Іс-шара барысында білім алушылар жол саласы бойынша жүргізілетін сапаны бақылау, зертханалық жұмыстар мен қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат алды.Сондай-ақ, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесін тыңдады. Мұндай шаралар студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Жалпы, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесі мен Автожол колледжі арасында бірнеше жылдан бері тығыз әріптестік байланыс орнаған. Студенттер жыл сайын орталықтан еңбек тәжірибесінен өтеді. Бірнеше түлек осы мекемеде табысты еңбек етіп жүр.







