Жолшылар үстел теннисінен сайысты

13

Paparaci.kz Талдықорған қаласында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Бас директорының Кубогына арналған үстел теннисінен дәстүрлі турнир өтті. Республикалық ауқымдағы жарыс мекеме қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған.

Турнирге еліміздің барлық өңірінен филиал өкілдері қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар кәсіби шеберлігімен қатар, үстел теннисіне деген шынайы қызығушылығын байқатты.

Сонымен, аралас жұптық сайыста Орталық аппарат құрамасы қарсылас шақ келтірмей жарыс жеңімпазы атанды. Шымкенттік команда екінші, ал жүлделі үшінші орын Алматы облысының мамандарына бұйырды.

Әйелдер бәсекесінде де Орталық аппараттан келген бұрымдылар ешкімге дес бермей, барлық жүлделі орындарды өзара бөлісті. Дилара Қонаева чемпион атанса, Жұлдыз Алпысбаева күміс медальді еншіледі. Ал Камила Бекенова қола жүлдені місе тұтты. Сыр өңірінен келген Динара Демесінова «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленді.

Ерлер арасындағы жекелей сында қостанайлық Мақсат Әлімбаев шеберлігін паш етіп, чемпион атанды. Шымкенттік Ермек Намазов екінші орыннан көрінсе, маңғыстаулық Ерболат Шаймұрат үздік үштікті түйіндеді.

Жалпы сайын өткізілетін бұл турнирдің маңызы зор. Мұндай спорттық шаралар қызметкерлер арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, командалық рухты көтереді. Сонымен қатар, жұмыс барысындағы сергектік пен мотивацияны арттыруға ықпал етеді.

Ал барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Бас директорының арнайы дипломы, кубогы мен медальдары табысталды.

Advertisements