ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 3203 ҚАНДАСЫМЫЗ ТАРИХИ ОТАНЫНА ОРАЛДЫ

Биыл 3203 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн. 151 мыңнан астам этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (48,1%) Қытайдан, 39,5% – Өзбекстаннан, 5,8% – Түрікменстаннан, 2,5% – Монғолиядан, 1,9% – Ресейден және 2,2% басқа елдерден.
Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 8,2%-ды құрайды. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Жыл басынан бері 147 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 94 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.