Жыршы Набат Тілеужанқызын еске алуға арналған кеш өтті

41

Аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен З. Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде қазақтың жыраулық өнерін биікке көтерген белгілі жыршы Набат Тілеужанқызын еске алуға арналған «Қоңыраулы жыр киесі, ақ домбыраның иесі» атты тағылымы терең рухани-мәдени кеш өтті.

Бұл кештің негізгі мақсаты – қазақ жыраулық өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі болған Набат Тілеужанқызының өмірі мен шығармашылық жолын насихаттау, оның ел руханиятына қосқан өлшеусіз еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ ұлттық өнердің құндылығын дәріптеу болды.

Еске алу кешін аудан әкімінің орынбасары Ш. Есжанов ашып беріп, Набат Тілеужанқызының жыраулық өнерді дамытудағы ерекше қолтаңбасына тоқталды. Ол өз сөзінде жыршының тек өнер иесі ғана емес, ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан рухани тұлға болғанын атап өтті.

Кешке Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Оңталап Базарәлиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талғат Тілеулесов, сондай-ақ өңірге белгілі жыраулар мен жыршылар, мәдениет саласының қызметкерлері, өнер жанашырлары және Набат жыраудың туған-туыстары қатысты.

Шара барысында сахна төрінде қазақтың дәстүрлі жыр өнерін дәріптеген бірқатар белгілі өнер иелері өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Айбек Тәңірбергенов, жыршы Ғанибек Өмірзақов, Лиза Күптілеуова, Зәуре Зекешова, Демеубай Жолымбетов, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Шолпан Бимбетова, «Нар қыз» жыр мектебінің жетекшісі Нарқыз Қуанышбайқызы және өзге де өнер майталмандары көрерменге әсерлі жыр-термелерін тарту етті.

Сонымен қатар Қызылорда қаласынан арнайы келген ақын Ә. Ерженіс Набат Тілеужанқызына арналған арнау жырын орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жыр кешінің ең әсерлі сәттерінің бірі ретінде Набат жыраудың шәкірттері мен ізбасарларының сахнаға шығып, ұстаз рухына арнаған жыр шашулары ерекше әсер қалдырды.

Кеш барысында Набат Тілеужанқызының шығармашылық болмысымен қатар, оның адамгершілік қасиеті, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі, ұлттық өнерге адалдығы мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі кеңінен сөз болды. Оның қоңыр үнді жырлары мен терең тағылымға толы толғаулары халық жадында мәңгі сақталатын рухани мұра екені атап өтілді.

Бұл тағылымды кеш қазақтың дәстүрлі жыр өнерін ұлықтаған, рухани сабақтастықты дәріптеген және ұлт өнеріне деген құрметті айшықтаған маңызды мәдени шара ретінде көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.

Advertisements