Қазақстанда 40 мыңнан астам әскери тұрғын үй төлемін алады

201

Paparaci.kz. Елімізде 40 мыңнан астам әскери тұрғын үй төлемін алады. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының қолдауымен 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарулы күштер жеке құрамының жалақысы 35 пайызға көтерілді. Әскери қызметшілердің жалақысы 2021 – 2023 жылдары орташа есеппен алғанда 60 пайызға немесе 1,6 есеге көтерілді. Арнайы мақсаттағы бөлімшелер әскери қызметшілерінің еңбекақысы 20 пайызға көтерілді. Биылғы жылдан бастап әскери ұшқыштар құрамының, әскери ЖОО оқытушыларының және әскери дәрігерлердің жалақысы орташа алғанда 60 пайызға өседі. 2024 жылдың қаңтарынан әскери атағы үшін төленетін үстемеақы 30 пайызға артады», – деп жазады министрдің міндетін уақытша атқарушы.

Сондай-ақ жауапта Ұлттық ұлан мен Ішкі істер министрлігіне төтенше жағдай салдарын жоюға қатысқаны үшін Қарулы Күштердің әскери қызметшілеріне 3 есе жоғары өтемақы беру туралы Заңға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс пысықталып жатқаны айтылған.

«Әлеуметтік пакеттің келесі компоненті, тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде 40 мыңнан астам адам тұрғын үй төлемін алып отыр. Тұрғын үй алу үшін әртүрлі бағдарламалар бар, оның ішінде «Әскери баспана», «7-20-25» және басқалары. 2018 – 2022 жылдар аралығында 13 мыңнан астам әскери қызметші жеке баспаналы болды», – деп жазады Руслан Шпекбаев.

Advertisements