Мемлекеттік қызметкерлер жаппай диктант жазды

100

Paparaci.kz Қызылорда облысында мемлекеттік қызметшілер «Заң мен тәртіп қағидаты» аясында «Тәртіп пен жауапкершілік – мемлекеттік қызметтің негізі» тақырыбында ашық диктант жазды. Шараны ұйымдастыруға Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы ұйытқы болды.

Басқарма басшысының орынбасары Уәлихан Ибраев диктант алдында сөз сөйлеп, «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудағы және қызметтік тәртіпті нығайтудағы мұндай бастамалардың рөліне ерекше назар аударып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жалпы бұл мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, тілдік сауаттылықты арттыру, қызметтік жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін нығайтуға, сондай-ақ қазақ тілінің мәртебесін көтеруға бағытталған бастама. Оған облыстық басқармалар, департаменттер мен инспекциялардан 100-ден аса мемлекеттік қызметші қатысып, диктант жазды. Олардың білім деңгейін жетілдірумен қатар, кәсіби және азаматтық жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Ашық диктант мемлекеттік қызметшілердің тілдік мәдениетін дамытуға және кәсіби жауапкершілігін арттыруға оң әсерін тигізді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.

Advertisements