“Ерекшем”: Әлішер мен Арайдың шығармашылық кеші өтті

85

Сырдың аспанын әнмен тербеп, көпшіліктің жүрегіне жылулық ұялатқан тағылымды кеш көрерменге жол тартты. Күні кеше Қызылордада облыстық филармонияның белді әншілері, өнерде де, өмірде де жарасым тапқан жұлдызды жұп – Әлішер мен Арай «Ерекшем» атты сахнадағы 10 жылдық шығармашылық есеп беру кешін өткізді. 1000 орындық өнер орталығында ине шаншар орын болмады. Бұл кеш жай ғана өнер есебі емес, тағдыр сыйлаған сынақ пен шексіз махаббаттың, ата-аналық мейірім мен өнер құдіретінің үлкен сахнадағы салтанатына айналды. Кештің «Ерекшем» деп аталуы бекер емес. Концерттің басты өзегі мен алтын арқауы қос өнерпаздың перзенттері – Бекнұрға арналды. Сахна төрінде ән шырқалып қана қойған жоқ, онда бір отбасының шынайы өмірі, балаға деген шексіз сүйіспеншілігі мен үміті сөйледі. Кештің ең әсерлі, көрерменді тебіренткен шарықтау шегі – ақын Мөлдір Айтбайдың сөзіне жазылған су жаңа «Ерекшем» әнінің тұсаукесері болды. Ән әуелеген сәтте залдағы мыңдаған көрерменнің жанарына жас үйірілді. Бұл туынды – өзгеше жаратылыс иесі атанған перзентінің әрбір қадамына қуанып, бар мейірімін төккен әке мен ананың жүрек лүпілі. Әлішер мен Арай осы ән арқылы ерекше бала тәрбиелеп отырған талай отбасының көкейіндегі сезімді дөп басты. Сахнадан төгілген бұл әуен тағдырлас ата-аналарға үлкен рухани демеу, сарқылмас үміт пен жігер сыйлады. «Біз жалғыз емеспіз, біздің балаларымыз – ерекше мейірімге лайық» деген ой әр көрерменнің жүрегіне терең бойлады.

Бұған дейін көпшілік Әлішер мен Арайды көбіне той-думандардың көркі ретінде таныса, бұл кеште олар өздерінің нағыз кәсіби вокалдық шеберліктерін, үлкен сахнаға тән биік мәдениетін паш етті. Концерт бастан-аяқ таза жанды дауыста өтіп, қос әншінің дауыс диапазоны мен орындаушылық қуатын толық ашты. Сахнаның көркемдік безендірілуі мен техникалық деңгейі де жоғары талғаммен ұйымдастырылған. Әрбір әннің табиғатына сай қойылған үйлесімді би қимылдары қойылымға ерекше динамика берсе, заманауи LED-экрандардағы мағыналы бейнебаяндар әндердің ішкі иірімдерін тереңдете түсті. Ал жарық беру жүйесінің әр нөмірдің көңіл-күйіне қарай құбылуы залда ғажайып атмосфера қалыптастырды. Кеш бойы сахна мен зал арасында көзге көрінбейтін жылы байланыс орнады. Көрермен қауым әншілермен бірге мұңайып, бірге шаттанды, сүйікті әндерін қосыла шырқап, толассыз қошемет көрсетті. Сонымен қатар, мерейтойлық кештің арнайы қонақтары ретінде өнердегі достары хитмейкер Баха мен Досбол Нұрылла сахнаға шығып, жұлдызды жұпқа ән-шашуларын тарту етіп, ақжарма тілектерін арнады.

Он жылдық еңбектің жемісін көрсеткен «Ерекшем» ән кеші Сыр өнерінің мерейін тағы бір биікке көтерді. Бұл концерт – өнердің тек көңіл көтеру құралы ғана емес, адам жанын емдейтін, қоғамға мейірім мен үміт сәулесін шашатын ұлы күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымды кеш болды.

Advertisements