Президент саябағы жаңа нысандармен толығады

28

Аймақ басшысының бастамасымен Президент саябағы аумағында ауқымды әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін, 300 орынға лайықталған заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы – қысқы бақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандар тек балалардың демалысын тиімді ұйымдастырумен ғана шектелмей, олардың танымдық көкжиегін кеңейтуге, табиғатқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сай жүргізіліп, биыл нысандарды толықтай ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Құрылыс нысандарын аралады

Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов құрылыс алаңына арнайы барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Жауапты мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс қарқыны мен сапасына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, құрылысшылармен тілдесіп, олардың еңбегіне сәттілік тілей отырып, жүзеге асып жатқан жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды.

Құрылыс нысандарын аралады

Қала басшысы өз сөзінде бұл нысандардың ел үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, балалар лагерінің құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар барынша жоғары деңгейде болуы тиіс. Себебі бұл лагерь еліміздегі баламасы жоқ, бірегей демалыс орындарының біріне айналмақ. Мұнда балалар тек демалып қана қоймай, түрлі бағыттағы білім беру, шығармашылық және спорттық іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Ал Ботаникалық білім беру орталығы – қысқы бақ болса, тұрғындар мен қонақтар үшін ерекше тартымды, табиғатты тануға мүмкіндік беретін маңызды нысан болмақ.

«Лагерьдің құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін қатаң талап қойылады. Өйткені бұл лагерь еліміздегі баламасы жоқ балалардың демалыс орны болады. Ботаникалық бақ та сондай сұраныстағы нысанның бірі. Сондықтан ел асыға күткен жобаларды межеленген мерзімде аяқтау керек», – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.

Құрылыс нысандарын аралады

Айта кету керек, аталған нысандардың құрылысын Alem Qurylys AQ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Компания құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды басты міндет ретінде алып, барлық күш-жігерін осы бағытқа жұмылдыруда.

Advertisements