Белкөл кентінің әкімін таныстырды

30

Апта басында өткен мәжіліс барысында қала әкімі Нұржан Ахатов Белкөл кентінің жаңа әкімін ресми түрде таныстырды. Бұл тағайындау 19 сәуір күні өткен сайлау қорытындысы негізінде жүзеге асты. Сайлау нәтижесінде жергілікті тұрғындардың басым бөлігі Жасұлан Сәдуді қолдап, оған сенім білдірді.

Жасұлан Хабидуллаұлы бұл қызметке жаңадан келген жоқ. Ол бұған дейін де Белкөл кентін басқарып, өз жұмысында жауапкершілік пен іскерлігін көрсете білді. Кент тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, олардың мұң-мұқтажына құлақ аса отырып, бірқатар маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал етті. Соның арқасында халықтың оң бағасына ие болды.

Мәжіліс барысында қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев жаңадан сайланған әкімге арнайы куәлігін табыстап, оның өкілеттігін ресми түрде бекітті.

Өз кезегінде қала әкімі Нұржан Ахатов кент әкімінің алдағы жұмысына тоқталып, бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, ардагерлер ұйымымен және жергілікті қоғамдастық өкілдерімен бірлесе жұмыс істеу, халықпен тұрақты әрі ашық байланыс орнату, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол жаңа әкімге жауапты қызметінде табыс тілеп, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.

Advertisements