Инклюзивті саясат – игілік қадамы

Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте инклюзивті саясатты жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиында көтерілген міндеттерді нақтылау мақсатында қала әкімдігінде де арнайы басқосу ұйымдастырылып, шаһар басшысы Нұржан Ахатов жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – инклюзивті саясаттың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын сапалы әрі тиімді іске асыру. Бұл құжат қоғамдағы барлық азаматтарға тең мүмкіндік беруді көздейді. Әсіресе, мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген.

Осы бағытта мүгедектікті белгілеу рәсімдерін толық цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету және кедергісіз орта қалыптастыру маңызды міндеттердің қатарында тұр. Қалада бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу, қоғамдық орындарда қолайлы жағдай жасау, арнайы қызмет түрлерін жетілдіру секілді шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Мәжіліс барысында Нұржан Ахатов инклюзивті саясатты іске асыру тек формалды шаралармен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, барлық жоспарланған жұмыстар сапалы орындалып, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Сондай-ақ, ол жауапты мекемелерге өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, ақпараттық деректер базаларын біріктіру, ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасауды тапсырды.

Айта кету керек, инклюзивті саясат тұжырымдамасы 52-ден астам кешенді шараны қамтиды. Бұл шаралар ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіру, білім беру жүйесіне тең қолжетімділік қалыптастыру, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар, құжат мүгедектікке қатысты бұрынғы медициналық-әлеуметтік көзқарастан әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне көшуді көздейді. Бұл өзгеріс ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғамдағы рөлін күшейтіп, олардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.







