Қармақшы ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды

52

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу және тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде елді мекендерде кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл шаралар аурудың таралу қаупін төмендетуге және тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Осыған орай бүгін аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаевтың қатысуымен ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы кезекті залалсыздандыру жұмыстары бастау алды. Арнайы мамандар жүргізіп жатқан жұмыстардың барысы бақылауға алынып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – кене арқылы таралатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Сондықтан аурудың алдын алу бағытындағы шараларды уақытылы әрі сапалы ұйымдастыру маңызды. Әсіресе көктемгі және жазғы маусымда кенелердің белсенділігі артып, аурудың таралу қаупі жоғарылайтындықтан профилактикалық жұмыстарға ерекше мән берілуде.

Биыл аудан бойынша эпидемиологиялық жағдайға жүргізілген мониторинг нәтижесінде 3 елді мекен қолайсыз аумақтар қатарына енгізілді. Осыған байланысты аталған ауылдарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, тұрғын үйлердің ауласы мен мал қораларын ретке келтіру, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және кенелердің көбеюіне қолайлы жағдайларды жою бағытында кешенді жұмыстар қолға алынуда.

Мамандардың мәліметінше, залалсыздандыру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең 22–28 сәуір аралығында өтсе, екінші кезең 30 сәуір мен 6 мамыр аралығында ұйымдастырылады. Өңдеу жұмыстары кезінде кенелерге қарсы тиімділігі жоғары «Ципертрин» препараты қолданылады. Арнайы техника мен мамандар елді мекендердегі белгіленген аумақтарды толық қамтып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді.

Аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев бұл бағыттағы жұмыстардың тұрғындар денсаулығын қорғаудағы маңыздылығына тоқталып, жауапты мекемелерге барлық шараларды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін атап өтті.

Мамандардың айтуынша, кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының нәтижелі болуы тек арнайы қызметтердің жұмысына ғана емес, тұрғындардың тазалық мәдениетіне де тікелей байланысты. Сондықтан әрбір тұрғын өз үйінің ауласы мен мал ұстайтын орындардың тазалығына тұрақты көңіл бөліп, шөп-шаламдарды уақытылы тазалап, санитарлық талаптарды сақтауы қажет.

Осыған байланысты аудан тұрғындарына үй аулалары мен қора-жайларда жүйелі түрде тазалық жұмыстарын жүргізу, малдарды ветеринариялық өңдеуден өткізу және кене шағу жағдайлары байқалған кезде дереу медициналық мекемелерге жүгіну қажеттігі ескертіледі.

Тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау – ортақ міндет. Сондықтан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарап, санитарлық тазалық талаптарын сақтау әр азаматтың басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Advertisements