Сырдария ауданында инклюзивті саясатты іске асыру мәселелері қаралды

46

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Инклюзивті саясатты іске асыру шаралары туралы» кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ сала мамандары қатысып, өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды.

Мәжіліс барысында аудан басшысы инклюзивті саясатты жүзеге асыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамның әрбір мүшесіне тең мүмкіндік жасау – әлеуметтік әділеттіліктің басты көрінісі. Сондықтан мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау – жергілікті биліктің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді.

Қазіргі таңда ауданда 1454 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 60-ы – 18 жасқа дейінгі балалар. Бұл көрсеткіштер инклюзивті саясатты жүйелі түрде жүзеге асырудың қаншалықты маңызды екенін айқындайды. Осыған байланысты ауданда әлеуметтік қолдау шараларымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және инфрақұрылымды бейімдеу бағыттарына ерекше назар аударылуда.

Аудан әкімі өз сөзінде тек әлеуметтік көмекпен шектеліп қалмай, нақты нәтижеге бағытталған кешенді жұмыстардың жүргізілуі қажеттігін айтты. Әсіресе, инклюзивті білім беруді дамыту, тұрғын үй жағдайын жақсарту, мәдени және спорттық іс-шараларға қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері басты назарда екені атап өтілді.

Биыл аудан көлемінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 7 нысанды бейімдеу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның 5-еуі толықтай дайындалып, қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген. Қалған 2 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде және оларды екінші тоқсанның соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бұл жұмыстар азаматтардың қоғамдық нысандарға еркін кіріп-шығуына, қызметтерді кедергісіз алуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қолдау шаралары да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, 95 баланы үйде оқыту шығындарын өтеуге 9 млн 407 мың теңге қаржы қарастырылған. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 71 баланың ата-анасына тиісті төлемдер тағайындалып, қаржылай қолдау көрсетілген. Бұл шаралар ата-аналардың әлеуметтік жүктемесін жеңілдетуге және балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған.

Жеке оңалту бағдарламалары аясында да нақты жұмыстар атқарылуда. Ауданға түскен 820 өтініштің 629-ы қанағаттандырылып, қажетті оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылған. Бұл көрсеткіш аталған бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына инклюзивті ортаны дамыту, қызмет сапасын арттыру және көрсетілетін көмектің тиімділігін күшейту бағытында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ барлық жұмыстардың сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Жалпы, ауданда инклюзивті саясатты іске асыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғамға толыққанды араласуына, өз әлеуетін жүзеге асыруына және өмір сапасының жақсаруына негіз болмақ.

Advertisements