Жол қауіпсіздігі басты назарда

15

Қоғамдағы ең маңызды мәселелердің бірі – жол қауіпсіздігі. Әсіресе елді мекендерде, мектептер, балабақшалар, емханалар секілді әлеуметтік нысандарға жақын аумақтарда бұл мәселе ерекше маңызға ие. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізу – тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.

Бүгін Тасбөгет кентінде жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында нақты іс-шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандар шоғырланған бірқатар көшелерге жасанды жол кедергілері орнатылды. Бұл – көлік жылдамдығын төмендетуге және жол қозғалысын реттеуге бағытталған тиімді шешімдердің бірі.

Жасанды жол кедергілері, халық арасында «лежачий полицей» деп аталатын бұл құрылғылар, жүргізушілерді белгіленген жылдамдықты сақтауға мәжбүрлейді. Нәтижесінде, қауіпті аймақтарда жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік туады. Әсіресе мектеп маңында ойнап жүрген балалар немесе жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілер үшін мұндай қауіпсіздік шараларының маңызы зор.

Айта кету керек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек тиісті мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Орнатылған жол кедергілері – бұл тек бір қадам. Ал қауіпсіз орта қалыптастыру үшін әрбір жүргізуші жауапкершілік танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Жылдамдықты шектен асырмау, жаяу жүргіншілерге жол беру, жол белгілеріне назар аудару – бұл қарапайым талаптар болғанымен, адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.

Сонымен қатар, ата-аналар тарапынан да балаларға жолда жүру мәдениетін үйрету маңызды. Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Жол инфрақұрылымын жақсарту, жол белгілерін жаңарту, жаяу жүргіншілер өткелдерін белгілеу секілді кешенді шаралар кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Бұл бастамалар – қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар.

Құрметті жүргізушілер! Сіздерді жолда барынша мұқият болуға, белгіленген жылдамдықты сақтауға және өзге де жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырамыз. Әрбір дұрыс шешім – бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Қауіпсіздік – бәрімізге ортақ жауапкершілік.

Advertisements