Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 55-сессиясында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс 55-сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібінде ауданның әлеуметтік саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, «Қазалы ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 24 қазандағы №91 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды.
Сонымен қатар Қазалы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жаңа құрамын бекіту, сондай-ақ құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын жаңарту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев хабарлама жасап, ұсыныстар мен енгізілген өзгерістердің мән-маңызын түсіндірді. Депутаттар тарапынан сұрақтар қойылып, талқылаудан кейін тиісті шешімдер қабылданып, дауыс беру нәтижесімен бекітілді.
Сессия барысында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, қаралған мәселелердің әлеуметтік маңыздылығына тоқталды. Ол қабылданған шешімдер аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар аудан басшысы депутаттарды өңірде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға белсене атсалысуға шақырды. Атап айтқанда, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандары, жол жөндеу жұмыстары және инженерлік-инфрақұрылымды дамыту жобаларының сапасын бақылау мәселесіне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға бірлесіп қатысып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосу қажеттігін жеткізді.
Сессия қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, оларды іске асыру бағытында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. :::







