Қызылордада жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

12

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауында заманауи тұрғын үй кешені ел игілігіне табысталды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жаңа пәтер иелерін қуанышымен құттықтады. Іс-шараға сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері және Акса Энерджи Қызылорда компаниясының қызметкерлері қатысты.

Жалпы саны 380 пәтерді құрайтын тұрғын үй кешенінің жалпы аумағы 24 мың шаршы метрді қамтиды. Қазіргі таңда кешеннің алғашқы кезеңі пайдалануға беріліп отыр, ал қалған тұрғын үйлерді осы жылдың қазан айында тапсыру жоспарланған. Бұл жоба – өңірдегі тұрғын үй құрылысын дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы тұрғындарды қос мерекемен – Бірлік күнімен және қоныстоймен құттықтап, өңірде соңғы жылдары тұрғын үй саласында атқарылған жүйелі жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ел бірлігі мен ынтымақтың маңыздылығы туралы пікірлерді атап өтіп, қоғамдағы татулық пен келісім – ел дамуының басты кепілі екенін жеткізді.

Аймақ басшысы жаңа кешеннің «комфорт плюс» санатына жататынын, заманауи талаптарға сай салынғанын ерекше атап өтті. «Тұран» атауымен белгілі бұл тұрғын үй кешенінің алғашқы 7 қабатты үйі бүгінде пайдалануға беріліп, пәтер кілттері өз иелеріне табысталды. Пәтерлер Акса Энерджи Қызылорда компаниясының қызметкерлеріне ұсынылды. Аталған компания өңірде жаңа жылу-электр орталығын салу арқылы энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Нұрлыбек Машбекұлы өз сөзінде жаңа баспаналардың берік әрі жайлы болуына тілектестік білдіріп, әр шаңыраққа бақ-береке, ынтымақ пен амандық тіледі. Сонымен қатар, инвестор компания алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған ірі жобаларды жүзеге асырады деген сенімін жеткізді.

Рәсім барысында құрылыс саласының мамандары мен мердігер ұйым өкілдері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – өңірдегі құрылыс саласының дамуына үлес қосқан еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің айқын белгісі. Сонымен қатар, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Нажмадин Түркпенұлы сөз сөйлеп, жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін арнады.

Айта кету керек, Қызылорда облысында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясат кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы төрт жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер берілген. Ал 2023 жылдан бері облыстың барлық аудандарында шамамен 1800 жаңа пәтер пайдалануға тапсырылды.

Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту үшін бюджеттен 55 миллиард 600 миллион теңге бөлініп, 2400 пәтер беру жоспарланған. Бұл – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

default

Соңғы жылдары Қызылорда қаласының келбеті де айтарлықтай өзгеріп келеді. Қала орталығында заманауи сәулеттік шешімдермен салынған 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, өңірдің инфрақұрылымы жаңарып жатыр. Мұндай жобалар аймақтың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, бүгінгі пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй кешені – ел бірлігі мерекесі қарсаңында халыққа жасалған ерекше тарту. Бұл игі бастама өңірдің әлеуметтік дамуының нақты көрінісі ретінде тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғаса беретінін аңғартады.

Advertisements