KEGOC-пен бірлескен жобалар өңір дамуына серпін береді

18

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тікелей инженерлік инфрақұрылымның сапасына, соның ішінде электр энергетикасының тұрақтылығына байланысты. Осы бағыттағы маңызды мәселелерді талқылау мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев KEGOC акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нәби Айтжановпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру, электр желілерінің сенімділігін күшейту және алдағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қаралды. Бүгінде Қызылорда облысында электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұл, ең алдымен, аймақ экономикасының қарқынды дамуымен, жаңа өндіріс орындарының ашылуымен және тұрғын үй құрылысының ұлғаюымен байланысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының қолдауы арқасында жүзеге асқан ірі жобалардың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватт болатын жаңа электр станциясы іске қосылып, оның 176 мегаватттық бөлігі бүгінде пайдалануға берілген. Бұл жоба өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге үлкен серпін берді.

Сонымен қатар, Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан да ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алдын ала құны шамамен 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын бұл бастама аясында қуаттылығы 1100 мегаватт болатын жаңа бу-газ қондырғылары мен 500 киловольттық жоғары кернеулі электр желілерін салу көзделген. Бұл жобалар іске асқан жағдайда, аймақтың ғана емес, жалпы елдің энергетикалық жүйесіне айтарлықтай оң әсерін тигізеді.

Кездесу барысында өңірдегі электр инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі де назардан тыс қалмады. Бүгінде Қызылорда облысында жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асатын электр желілері және 2 мыңнан астам қосалқы станция жұмыс істейді. Алайда, осы нысандардың тозу деңгейі 60,8 пайызға жетіп отыр. Бұл – жүйенің сенімділігіне қауіп төндіретін маңызды факторлардың бірі.

Осыған байланысты облыс әкімі нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, «Қызылорда» қосалқы станциясындағы қуаты 40 МВА болатын екі трансформаторды және «Жалағаш» қосалқы станциясындағы қуаты 20 МВА болатын екі күштік трансформаторды жаңарту қажеттігі айтылды. Бұл шаралар электр энергиясын тарату сапасын арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, өңірді электрмен қамту негізінен солтүстік бағыттан жеткізілетінін ескерген аймақ басшысы жаңа «Байқоңыр» қосалқы станциясының құрылысын бастау қажеттігін атап өтті. Бұл жоба жүзеге асса, өңірдің энергиямен қамтылу тұрақтылығы артып, жүктеме теңгерімі жақсарады.

Облыста электр энергиясын тұтыну соңғы жылдары шамамен 28 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да өсетіні анық. Сондықтан инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа қуат көздерін іске қосу – уақыт талабы.

Кездесу қорытындысы бойынша ұсынылған жобаларды KEGOC компаниясының инвестициялық бағдарламасына енгізу мәселесі қарастырылатын болды. Тараптар алдағы уақытта да өзара тығыз ынтымақтастық орнатып, өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Жалпы, бұл кездесу Қызылорда облысының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Жоспарланған жобалар жүзеге асқан жағдайда, аймақтың экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туындайды.

Advertisements