Сырдарияда «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» мерекелік іс-шарасы өтті

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Сырдария ауданы орталығындағы Орталық алаңда «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» атты кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Тағылымы терең бұл мереке ел бірлігін, татулық пен қоғамдық келісімді дәріптеуге арналды.

Іс-шараға Берік Сәрменбаев қатысып, жиналған тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Мереке аясында этномәдени орталықтар ұлттық салт-дәстүрлерін таныстырып, әр этностың тағам түрлерін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, жас суретшілердің көрмесі мен мәдени-спорттық алаңдар ұйымдастырылып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Аудан әкімі өз сөзінде ел бірлігінің маңызына ерекше тоқталып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқының татулығы мен тұрақтылығын нығайту бағытындағы бастамаларын атап өтті. Сондай-ақ өңірде этносаралық келісімді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстарға да кеңінен тоқталды.


Айта кету керек, соңғы жылдары облыс көлемінде этномәдени инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылуда. Облыс орталығында демеушілік есебінен заманауи үлгідегі «Достық үйі» ғимараты бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, барлық аудандарда «Руханият» орталықтары салынып, онда этностар арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайтатын жобалар жүзеге асырылуда.
Бүгінде Қызылорда облысы аумағында 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, түрлі салада өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ауданда да 450-ден астам өзге ұлт өкілдері бір шаңырақ астында береке-бірлікте өмір сүруде. Бұл – қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нақты көрінісі.
Мерекелік шара барысында бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімдерінің «Құрмет грамотасы» мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар – ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық татулықты сақтауға үлес қосып жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі.
Концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, түрлі этнос өкілдері ұлттық билерін орындады. Көпшілік назарына ұсынылған өнер нөмірлері ел ішіндегі татулық пен мәдени әртүрліліктің үйлесімін айқын көрсетті.
Жалпы, «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» атты мерекелік іс-шара ел ішіндегі ынтымақ пен достықты нығайтып, көпұлтты қоғамның берекесін дәріптеген мазмұнды әрі әсерлі мереке ретінде есте қалды.







