Сырдария ауданында спортты дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асты

3

Қазақстан халқына қоры мен «Батыр болам» қоғамдық қорының демеушілігі аясында Аманкелді ауылы спорт кешені қажетті жаттығу құрал-жабдықтарымен толықтырылды. Бұл бастама ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасап, спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов спорт нысанына арнайы барып, оның жұмысымен танысты. Жұмыс сапары барысында спорт кешенінің материалдық-техникалық базасы, жаттығу залдарының жағдайы және үйірмелердің жұмыс барысы жан-жақты қаралды.

Аталған спорт нысанына жалпы құны 6,4 млн теңгені құрайтын заманауи жаттығу құралдары орнатылған. Бұл жабдықтар спортшылардың кәсіби деңгейде жаттығуына мүмкіндік беріп, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етуде.

Қазіргі таңда спорт клубында бокс, қазақша күрес, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ секілді бірнеше үйірме тұрақты жұмыс істейді. Ауыл жастары бұл секциялар арқылы бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға дағдылануда.

Мұндай бастамалар ауылдық жерлерде спорт мәдениетін дамытуға, жасөспірімдерді спортқа баулуға және болашақта жоғары жетістіктерге жететін спортшыларды тәрбиелеуге жол ашады. Сонымен қатар, спортпен айналысу жастардың тәртібі мен денсаулығына оң әсерін тигізеді.

Сапар барысында аудан әкімі спорт кешенінің жұмысын одан әрі жетілдіру, үйірмелер санын көбейту және материалдық базаны нығайту бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Advertisements