Жаңа нысандар аймақ тынысына леп әкелмек

54

Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов облыс орталығында бой көтеріп жатқан бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Нысандар Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында және Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен жүзеге асырылуда.

Қала әкімі алдымен Президент саябағы аумағында салынып жатқан 300 орындық балалар тынығу лагерінің құрылысын көрді. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан лагерь балалардың сапалы демалысын ұйымдастыруға, олардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа нысанда балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктар, спорт кешені, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған арнайы event-аймақ, заманауи үлгідегі 5 киіз үй, ашық бассейн, ойын алаңдары және амфитеатр қарастырылған.

Лагерь жыл он екі ай бойы жұмыс істеп, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Нысанды 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қала әкімі бұдан кейін Президент саябағындағы тағы бір маңызды жоба – Ботаникалық білім беру орталығының құрылысымен танысты.

Шыны конструкциялармен қапталған екі қабатты заманауи ғимаратта әлемнің түрлі аймақтарынан әкелінетін экзотикалық өсімдіктер бағы орналастырылады. Атап айтқанда, Оңтүстік Америка, Африка, Қытай, Мексика, Жапония және Мадагаскар елдерінде өсетін ерекше өсімдіктер көрермен назарына ұсынылмақ.

Көпфункционалды орталық табиғат, ғылым және экологиялық мәдениетті ұштастыратын ерекше танымдық нысан болмақ. Мұнда келушілер үшін ғылыми-танымдық экскурсиялар, экологиялық жобалар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру жоспарланған.

Сонымен қатар Нұржан Ахатов құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешеніне де барды.

Заманауи спорт нысанында халықаралық талаптарға сай олимпиадалық жүзу бассейні, 2500 орындық үлкен спорт залы, сондай-ақ түрлі форумдар, конференциялар мен мәдени-көпшілік шараларды өткізуге арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған.

Жаңа кешен пайдалануға берілгеннен кейін өңірде республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік артып, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді деп күтілуде.

Қала әкімі құрылыс алаңдарын аралау барысында мердігер мекемелерге нысандардың сапасына ерекше мән беріп, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін тапсырды.

Жалпы, Қызылорда қаласында жүзеге асырылып жатқан мұндай әлеуметтік жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, балалар мен жастарға қолайлы орта қалыптастыруға және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements