Жас түлектерге арналған ашық есік күні өтті

347

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудандағы мектеп бітіруші үздік түлектермен кездесіп, аудан әкімдігі ғимаратында арнайы ашық есік күнін өткізді. Тағылымды кездесу барысында жастар мемлекеттік қызметтің жұмысымен танысып, ауданның даму тарихы мен елге қызмет етудің маңыздылығы жөнінде кеңінен мағлұмат алды.

Алдымен аудан басшысы оқушыларды әкімдік ғимаратымен таныстырып, ауданның қалыптасу кезеңдері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және елдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың еңбектері туралы айтып берді.

Ғимаратты аралау барысында түлектер аудан әкімінің жұмыс кабинетін көріп, мемлекеттік қызмет саласының жауапкершілігі мен ерекшеліктері жөнінде ақпарат алды. Сонымен қатар, аудан әкімі жастармен еркін форматта пікір алмасып, олардың болашақ мамандық таңдауы, өмірлік мақсаттары мен білімге деген ұмтылыстары туралы сұхбат құрды.

Кездесу барысында Алмасбек Әбілқасымұлы білімді жастардың ел болашағы үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Мемлекеттің болашағы – білімді, ізденімпаз әрі отаншыл жастардың қолында. Сондықтан қай салада болмасын сапалы білім алып, өздеріңізді үнемі дамытып отыру маңызды. Әрқайсыңыздың туған жердің дамуына үлес қосатын білікті маман атанатындарыңызға сенемін, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан басшысы мектеп бітіруші түлектерге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде тапсырып, өздері қалаған жоғары оқу орындарының студенті атануларына тілектестігін білдірді.

Жастар да өз кезегінде көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, аудан басшысымен ашық әңгіме өрбітті. Кездесу еркін әрі мазмұнды форматта өтіп, оқушыларға ерекше әсер сыйлады.

Шара соңында түлектер аудан әкімімен естелік суретке түсіп, ашық есік күні аясындағы тағылымды кездесуге ризашылықтарын білдірді.

Advertisements