Аралдықтар гір спортынан Азия чемпионатында 9 медаль жеңіп алды

Ақтау қаласында гір спортынан ересектер, әуесқойлар және ардагерлер арасында өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, аудан намысын абыроймен қорғады. Байрақты бәсеке серпе көтеру, жұлқа көтеру және ұзын айналым бағдарламалары бойынша ұйымдастырылып, қатысушылардың шеберлігі мен физикалық дайындығы сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз жалпы есепте 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 9 жүлдеге қол жеткізді. Бұл көрсеткіш аудан спортының халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін айқын дәлелдеді.
13 мамыр күні өткен ұзын айналым бағдарламасында ардагерлер арасында 68 келі салмақ дәрежесінде Қ. Жұмагұлова үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Ал 85 келі салмақта сынға түскен М. Махамбетов күміс жүлдеге ие болды. Осы бағдарламада +85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Т. Есентүгелов қола медаль жеңіп алды.
Әуесқойлар арасында 85 келі салмақта бақ сынаған Б. Бақытбекұлы да жоғары нәтиже көрсетіп, қола жүлдегер атанды.
14 мамыр күні өткен серпе көтеру бағдарламасында Б. Бақытбекұлы әуесқойлар арасында 85 келі салмақта қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Ардагерлер арасында сынға түскен М. Махамбетов те 85 келі салмақта чемпион атанып, жеңіс тұғырынан көрінді.
15 мамыр күні өткен жұлқа көтеру бағдарламасында Қ. Жұмагұлова ардагерлер арасында тағы да І орынды иеленіп, өз шеберлігін дәлелдеді. Сол күні М. Махамбетов 85 келі салмақта күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал көпсайыс қорытындысы бойынша Б. Бақытбекұлы 85 келі салмақ дәрежесінде үздік нәтиже көрсетіп, Азия чемпионы атанды.
Жеңімпаз спортшыларды жарысқа дайындаған жаттықтырушы – Қ. Разақов. Бұл жетістік спортшылардың қажырлы еңбегі мен жүйелі дайындығының, сондай-ақ аудан спортының даму қарқынының айқын көрінісі болып табылады.
Азия чемпионатындағы бұл табыс – жерлестеріміздің тек республикалық емес, халықаралық деңгейде де жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын көрсететін маңызды спорттық жетістік.







