Шижаға ауылының электр желілері жаңартылды

16

Арал ауданында елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы жұмыстардың аясында Аққұм ауылдық округіне қарасты Шижаға елді мекенінде тозығы жеткен электр желілерін толық жаңарту жобасы сәтті аяқталды.

Аталған жоба ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге, электр желілеріндегі апаттық жағдайлардың алдын алуға және жалпы инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға бағытталған.

Жоба шеңберінде Шижаға елді мекенінің 0,4 кВ және 10 кВ әуе электр желілерінің құрылысы толық жүргізіліп, пайдалануға берілді. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 20,6 шақырымды құрайтын жаңа электр желісі тартылып, 9 дана кешенді трансформаторлық қосалқы станция (КТПН) орнатылды.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Энергомера» ЖШС мердігер ұйымы атқарып, жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтады. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Шижаға ауылындағы 418 тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысан жаңа электр желісіне толықтай қосылды. Бұл ауыл ішіндегі кернеу тұрақтылығын қамтамасыз етіп, электр энергиясының сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік берді.

Аудан көлемінде электр желілерін жаңарту және қайта құру жұмыстары өзге елді мекендерде де жалғасуда. Атап айтқанда, Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде ВЛ-0,4 кВ әуе электр желілерін жаңғырту жобалары кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Арал қаласындағы атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды сипатқа ие. Мұнда жоба аясында 2097 дана темір-бетон тіректері орнатылып, 54 шақырым 0,4 кВ және 8,5 шақырым 10 кВ электр желілері тартылды. Сонымен қатар 43 шақырым 0,22 кВ желі жаңартылып, 1510 абонент жаңа электр жүйесіне қосылды. Бұдан бөлек, 12 дана 10/0,4 кВ кешенді трансформаторлық қосалқы станция орнатылды. Аталған жұмыстарды «КРЭК» АҚ жүзеге асыруда. Жоба 2026 жылға өтпелі негізде орындалуда.

Сексеуіл кентінде де электр желілерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында жалпы 98,1 шақырым электр желісін тарту және 28 дана кешенді трансформаторлық қосалқы станция орнату жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын «СәтСервис» ЖШС атқаруда.

Жалпы алғанда, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан электр желілерін жаңғырту жобалары тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге, өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданның барлық елді мекендерін толық қамту көзделіп отыр.

Advertisements